ЖОЛДАУ–2022: «Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек».
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауда өткен алғашқы Ұлттық құрылтайда «Республика күні» мейрамын қайта жаңғыртып, ұлттық мереке деңгейінде атап өту туралы сөз еткен еді. Еліміз тәуелсіздігін жариялаған күннен бастап жұрт болып бұл күнде ортақ Отанымыздың қадір-қасиетін айқындап, әлемге паш етіп, мерейлі мереке ретінде атап өтетін. Кейінгі ұрпақ біле бермейтін бұл даталы күн өз егемендігін жариялаған дархан елімізде 2009 жылға дейін 25 қазанда тойланып келген еді. Шындығында, 25 қазанның Республика күні болып аталып өтілуі маңызды, әрі мұнда елдің біртұтастығы үшін киелі тарихи мәлімет жатыр. 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қаз КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Сол сәттен бастап-ақ егеменді Қазақстан өзіндік көзқарасы бар жеке мемлекет ретінде таныла бастады. Қабылданған декларация Қазақстанның болашақ тәуелсіздігінің іргетасы саналды. Бұл декларацияның қабылдануымен егемендігін мәлім ететін жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздеріміз бекітілді. Қазақстанның егемендігі және территориясының тұтастығы саяси, құқықтық және экономикалық тұрғыдан дәйектелді. Осы кезден бастап демократиялық қоғам құру мақсатында ел ішіндегі қоғамдық-саяси құрылымға біраз өзгерістер енгізіле бастады. Бұл құжат арқылы әлем картасындағы жаңа мемлекет – Қазақстан Республикасының негізі қаланды. Сондықтан да Республика мерекесі әр қазақ үшін айрықша маңызды деп есептеймін.
Егеменді ел деп танылған сәттен бастап Қазақстан бүкіл әлемде маңызы бар ел ретінде танылып, өзінің мемлекеттік статусын қорғап келеді. Осы фактордың негізінде Қазақстан әлем картасынан ойып тұрып орын алған болатын. 1992 жылдан бері тойланған Республика күні мемлекеттік мерекелер тізіміне тек 2001 жылы ғана ресми түрде енген еді. 2001 жылғы 13 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» №267 заңмен бұл күн мемлекеттік мерекелер қатарына қосылды. Ал 2009 жылы аталған заңға өзгерістер енгізілді. Сөйтіп, 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні ұлттық мереке болып өзгергендіктен, Республика күні мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мерекенің тарихи маңызын алға тартып, қайта жаңғырту керек екенін мәлімдеген соң, 29 қыркүйекте ұлттық мереке ретінде қайта бекіту туралы заңға қол қойды. «Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», – деді Мемлекет басшысы Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында сөйлеген сөзінде. Қазіргі уақытқа дейін ұлттық мереке ретінде тойланып келген тәуелсіздік күні мемлекеттік мерекеге ауыстырылды. Мемлекет басшысының пайымдауынша, бұл күн күнтізбеде мереке емес, еске алу күні сипатында аталып өтілетін болмақ. Дегенмен, мемлекеттік мереке деген мәртебесі жойылмайды.
Биылдан бастап 25 қазан Республика күні ретінде атаулы даталардың біріне айналып, мемлекеттік мереке мәртебесіне ие болмақ. Еліміз үшін маңызды қадам жасалған сәт тарих қойнауында қалып қоймай, қазақстандықтар үшін құрмет тұтатын мемлекеттік тұрғыда маңызы бар мерекеге айналады.
Альфита СЕКСЕНБАЕВА