Мемлекеттік тіл – менің тілім!
Тіл – ұлттарды татуластыратын ерекше қатынас құралы. Президентіміз өз жолдауында мемлекеттік тілді ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналуы тиіс екенін айтқан болатын. Елімізде соңғы уақытта қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт өкілдері көбейіп келеді. Олар тілді меңгеру арқылы қазақ халқының болмысымен, салт-дәстүрлерімен де танысып келеді. Күнделікті өмірі мен қызметінде қазақ тілінің тигізер көмегі де көп екенін түсінген. Бұл – Отанға деген патриоттықтың, қазақ жеріне, мемлекеттік тілге деген құрметтің белгісі.
Мен, Даутова Людмила Геннадьевна Қаратал ауданы,Үштөбе қаласында 1989 жылы 16 қазанда дүниеге келдім. Ұлтым – татар болғанымен, жаным қазақ, сөйлейтін тілім де – қазақ тілі. Өйткені қазақ елінде туып, оның ауасын жұтып, суын ішіп жүрген маған қазақ тілін, оның салт-дәстүрін білмеу – менің азаматтық парызыма сын деп білемін.
Бүгінгі күні қазақтың ауызекі сөйлеу тілін жетік меңгеріп, күнделікті тұрмыста да, қызметімде де қолданып жүрген жандардың бірімін. Мен Үштөбе қаласының орталығында орналасқан С.Морозов атындағы №51 орта мектебінде шаруашылық ісі жөніндегі орынбасарының көмекшісі қызметін атқарамын.
2010 жылы қазақ азаматына тұрмысқа шығып, үш бала тәрбиелеп отырған анамын. Балаларымның үшеуі де қаламыздағы №13 қазақ орта мектебінде білім алуда, оқу озаттары, түрлі үйірмелерге қатысады. Қазақтың ұлттық ойыны – тоғызқұмалақ ойнаудан аудандық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болуда.
Қазіргі уақытта іздену мен дамуды алдыма мақсат ете отырып, қазақ тілінің грамматикасын одан әрі жетік меңгеру мақсатында Жетісу облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының Қаратал аудандық филиалында мемлекеттік тіл курсының тыңдаушысымын. Курс барысында тіл орталығындағы сабақтарға, өткізілетін іс-шараларға белсене араласып, қазақ халқының салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын үйреніп жүрмін. Жуырда наурыз мейрамына орай, этнос өкілдері атынан «Қош келдің, әз Наурыз!» атты құттықтау видеоролигім тіл орталығының әлеуметтік желісіндегі парақшасында жарияланып, көп қаралым жинап, көрермен тарапынан қошеметке ие болдым. Алдағы уақытта этнос өкілдері арасында өтетін облыстық «Тіл мәртебесі – ел мәртебесі» атты байқауға қатысып, бағымды сынамақпын.
«Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді,» – деп Ғабит Мүсірепов ағамыз айтқандай, еліміздің болашағын ойлайтын болсақ, қазірден бастап қазақ тілін үйренуді қолға алуымыз керек екендігін өзім шығарған мына бір өлең жолдарымен білдіргім келеді:
Кең байтақ қазағымның даласында,
Тілінде құрметі бар санасында.
Тілім менен дінімді құрметтеген,
Туып өстім Қараталдың жағасында.
Болсаң егер білімді,
Бағала өз тіліңді.
Бағаласаң тіліңді,
Жарық болар күнің де.
Өз тілінде сөйлеуге,
Ол әр адам міндеті.
Ана тілде сөйлесең,
Боласың сен құрметті.
Людмила ДАУТОВА,
Жетісу облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының Қаратал аудандық филиалының тыңдаушысы