Алакөл – талай даңқты тұлғаларды дүниеге әкелген мекен. «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, Ел тегі алсын қайдан кемеңгерді» деп Ілияс Жансүгіров айтқандай, ардақты азаматтарымызды үнемі еске алып тұруымыз керек. Осы орайда Алакөлдің бірқатар асыл азаматтарын атап, қысқаша мәлімет ұсынсам деймін.

Әнуар ӘЛІМЖАНОВ. Жазушы, халықаралық Д.Неру атындағы сыйлықтың, Қазақстан комсомолы және Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтардың иегері. 1930 жылы 12 мамырда Алакөл ауданы шығыста шалғай орналасқан Қарлығаш ауылында дүниеге келген.  Ол 1948 жылы Фурманов жеті жылдық мектебін өте жақсы деген бағамен бітіріп, Лепсі педучилищесіне түседі. 1954 жылы Алматыдағы КазМУ-нің журналистика факультетін бітіреді.  Университетті бітіргеннен кейін «Алматинская правда» газетінің тілшісі, Одақтық «Литературная» газетінің Орта Азия және Қазақстан бойынша меншікті тілшісі, республикалық «Ленинская смена» газетінің  редакторының орынбасары, «Қазақфильм» студиясының Бас редакторы, «Правда» газетінің  Қазақстандағы меншікті тілшісі, «Қазақ әдебиеті» газетінің редакторы, 8 жыл Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының КСРО Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, Азия және Африка жазушыларымен байланыс жасау жөніндегі Кеңестік комитеті төрағасының орынбасары, Бейбітшілік қорғау комитетінің мүшесі болды.  1969 жылы Джавахарлал Неру атындағы, 1974 жылы «Лотос», 1985 жылы Агостиньо Нето атындағы халықаралық сыйлықтары берілген. «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы» ордендерімен марапатталған.

Cәкен ИМАНАСОВ. Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаты болған, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, Алматы облысының құрметті азаматы, Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі. Көрнекті ақын Сәкен Құсайынұлы 1938 жылы 2 мамырда Алакөл ауданында Талапкер ауылында туған. Абай атындағы орта мектепте білім алған соң теміржол құрылысында қатардағы жұмысшы, ұжымшар қызметкері. Аудандық комсомол комитетінің нұсқаушысы болып істеп, 1959 жылдан бастап бірыңғай журналистика қызметіне қарай ойысады. Алдымен аудандық, кейін «Лениншіл жаста», облыстық партия комитетінде, Қазақстан Жазушылар Одағында жауапты қызметкер атқарған. Кейінгі жылдары Алматы облыстық әкімшілігінде жауапты қызметте болады. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған. 1965-66 жылға дейін «Үшарал» кеңшарында есепші, мал дәрігері болып жұмыс істеген. 1969 жылдан бастап аудандық, облыстық, республикалық газеттерде және «Жазушы» баспаларында түрлі жұмыстарда болған. «Балдырған» журналында бас редактордың орынбасары болып қызмет атқарды . 1956 жылы алғашқы өлеңі жарық көрді. Ақынның поэзия жолына келуіне газет редакциясына жазған хаты әсер еткен. Шығармалары: «Туған ауыл», «Ақ дариға», «Ақ айдын», «Жайдарман», «Алтын аймақ», «Ғашықпын саған», «Бел-белес», «Адырна», «Жебе», «Өткірдің  жүзі», «Қалам мен заман».

Қастек БАЯНБАЙ. 1936 жылы Алакөл ауданы, Талдыбұлақ ауылында дүниеге келген. Балалар жазушысы, ақын. Қазақ мемлекеттік университетінде білім алған. 1960 жылдан бастап Алакөл аудандық, 1965 жылдан бастап Алматы облыстық газет редакцияларында әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып істеген. 1971-1995 жылдары «Жазушы» баспасында редакция меңгерушісі, «Жалын» баспасында бас редактор қызметтерін атқарған. Балаларға арналған «Арғымақ» атты алғашқы жинағы «Жазушы» баспасынан жарық көрген. Өлеңдері бастауыш сынып оқулықтарына, көмекші құралдарға еніп, кейбіріне әндер жазылған, ертегілері бойынша мультфильмдер түсірілген, орыс, украин, белорус, өзбек, болгар, молдован, түрікмен, әзірбайжан, литван және басқа тілдерге аударылған.

Бельгия ақыны Э.Верхарнның, болгар ақыны Л.Левчевтің, орыс ақындары С.Михалковтың, А.Бартоның, Р.Рождественскийдің, З.Александрованың, якут ақыны С.Даниловтың, түркімен ақыны Қ.Тәңіріқұлиевтің, молдован ақыны Г.Виерудің және тағы басқа ақындардың туындыларын қазақшалаған. 1986 жылы «Тәтті сабақ» жинағына I.Жансүгіров атындағы сыйлық берілген. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне Құрмет Грамотасымен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен (2005) марапатталған.

Жұмаxан  БАЛАПАНОВ. Көрнекті қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері, экономика ғылымының  докторы, профессор. 1920 жылы қыркүйектің  20-шы жұлдызында Алакөл ауданынының  Қызылащы ауылында малшы-шаруа отбасында дүниеге келді. 1930 жылы әкесі қайтыс болғаннан кейін, тоғыз жасар Жұмахан Балапанұлы еңбек жолын Қоссор көлінен ас тұзын өндіру жұмысындағы анасына көмектесуден бастады. 1932-1936 жылдары ол Қарабұлақ балалар үйінде, кейіннен Үшаралдағы мектеп-интернатта тәрбиеленіп, Абай атындағы қазақ орта мектебінде оқыды. 1940 жылдың күзінде Кеңес Армиясы қатарына шақырылды.

1945 жылдың аяғында запастағы капитан дәрежесімен туған елге оралды. 1945-1949 ж.ж. еңбек жолында Алакөл аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайланды. 1975 жылы «Қазақстан ауылшаруашылығы мамандарын дамытудың ғылыми негіздері» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. 1977 жылы ол Алматы халық шаруашылығы институтының (қазіргі Т.Рысқұлов атындағы Қазақ эканомикалық университеті) ауыл шаруашылығының экономикасы және өндірісін жоспарлау кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарады. Республикадағы кең  танымал экономист ғалым Жұмахан Балапанов көп қырлы ғылыми педагогикалық қызметімен республикадағы рыноктық экономиканың дамуына үлкен үлес қосты. Ол 140-тан астам ғылыми жұмыс, оның ішінде 10 монография, оқулық пен оқу құралдарын жазды. Оның басшылығымен 3 докторлық, 29 кандидаттық диссертация қорғалса, олардың ішінді ТМД елдерінен келген, Оңтүстік –Шығыс Азия және басқа мемлекеттерден аспирантар да бар. 1986 жылы Үшарал қаласының, 2001 жылы Алматы облысының құрметті азаматы атағы берілді. Ол – Халықаралық Еуразия Экономикалық Академиясының толық мүшесі.

Соғыстағы және халық шаруашылық салаларын дамыту, ғылыми кадрларды дайындауға көп жылғы ерен еңбегі үшін ол «Отан соғысы», «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар Достығы» ордендерімен, он төрт, оның ішінде екі алтын медальмен марапатталған. 2000 жылы «Адал еңбек, ақ ниет» атты мемуарлық кітабы жарық көрді.

2004 жылдың қазан айының 1-ші жұлдызында қайтыс болды. 2005 жылдан бастап Қызылащы ауылы  Жұмахан Балапанов ауылы болып аталады.

 

Мәлғаждар ӘУБӘКІРОВ. Шебер орындаушы-күйші ретінде, білгір де білікті ұстаз ретінде де  танылып, халқымыздың күй мұрасын насихаттауда, жастарға тәлім беруде мол еңбек сіңірді. Қазақ күй мұрамызды «Өрнек», «Жас толқын», «Бала қуанышы», «Наркескен», «Сары төбе», «Талас» сынды сан қилы жан тебірентер күмбір күйлерімен толықтырды.

Мұқаметбай МЫҢБАЙҰЛЫ. Ұлағатты ұстаз, Алакөл ауданындағы Үшарал орта мектебіне аты берілген Мұқаметбай Мыңбайұлы 1920 жылы Алакөл ауданындағы Шарбақты ауылы Тоғызтүбек елді мекенінде дүниеге келген. 1940 жылы Социалды жетіжылдық мектебінде мұғалімдік еңбек жолын бастап, ұзақ жылдар бойы жастарға сапалы білім, саналы тәрбие беруде жақсы нәтижелерге жеткен. Мектеп директоры, аудандық халық ағарту бөлімінің меңгерушісі, аудандық партия комитетінде жауапты қызметтер атқарған. Еңбегі жоғары бағаланып, Үкімет тарапынан «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Сонымен қатар «Халық ағарту ісінің үздігі» атағына ие болып, аудандық кеңес депутаттығына неше дүркін сайланған. Мұқаметбай Мыңбайұлының өмірі жас ұрпақты оқытып, тәрбиелеуде үлгі болады. 2000 жылы Алматы  қаласында қайтыс болды. Ұрпақтары өсіп-өнген. Сауат атты ұлы ұлы мемлекет қайраткері дәрежесіне көтерілген. Ол «Толғауы тоқсан тіршілік», «Бата, тілек, лебіздер» атты кітаптар жазды. Қазақстан Үкіметінің қаулысымен М.Мыңбайұлының есімі Үшарал орта мектебіне берілді. Ол туралы А.Кендірбекұлының құрастыруымен  «Мұқаметбай Мыңбайұлы» атты естеліктер жинағы 2006 жылы «Арыс» баспасынан жарық көрді. Бүгінде ұлы ұстаздың атында арнайы қор бар.

Әлмен АХАНҰЛЫ. Алматы облысының Құрметті азаматы Әлмен Аханұлы 1931 жылы 9 шілдеде Алакөл ауданы, «Көмек» колхозы орналасқан бастауыш мектебінде оқып, 1944 жылы Қызылащы жеті жылдық мектебін үздік бітірген. Ұлы Отан соғысы кезінде үш жыл колхозда жұмыс істеген. Содан оқуын жалғастырып, 1947-50 жылдары Абай атындағы орта мектепте оқыған. 1950-1962 жылдары қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдаған. 1964 жылы сырттай Талдықорғандағы зоотехикумды бітірген.

1955 жылы Алакөл аудандық оқу бөлімінде инспектор болып жұмыс жолын бастаған. 1957-1962 жылдары аудандық комсомол камитетінің 1 хатшысы, 1962-64 жылдары аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, 1964-74 жылдары «Коммунизм» совхозында партком хатшысы, «Қарақұм» қой совхозының директоры, 1974-1992 жылдары Алакөл қант зауыты директорының орынбасары, аудандық көп салалы тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы комбинатының директоры қызметін атқарған.

1999 жылы ауданда «Қабанбай батыр» қоғамдық қоры құрылып, соның президенті болып сайланады. Қаракерей Қабанбай, Бексұлтан төреге, Д.Қонаевтың ескерткіштерін орнатуға өз үлесін қосты. Ауданның экономикалық, мәдени, рухани дамуына қосқан еңбектері бағаланып, 2000 жылы 19 желтоқсанда облыстық мәслихат шешімімен оған «Алматы облысының Құрметті азаматы» атағын берілді.

Әлмен Аханұлы «Ақтоғай-Достық» темір жолының салыну жұмыстарына, жастар жетекшісі ретінде бастан-аяқ араласып, ауданда алғаш рет халық театрын құруға қатысқан, «Қарақұмда» Беласар деген жерде канал тартқызып, су жеткізген, Үшарал қаласында төрт демалыс орыны мен парктерін іске қосуда басшылық жасаған.

Әлмен Аханұлы баспасөз беттерінде туған өлкемізде өткен батыр, палуан, ақын- жазушылардың және қоғам қайраткерлері көрнекті азаматтар жайлы зерттеу мақала, әңгіме, хикая очерктер жазып, қайта бастыруға мұрындық болды. «Белдескенді бүктеген» және 2007 жылы «Даңқты баба. Кемеңгер дана», «Алакөл де толқиды толғанады» кітаптары жарық көрген. Қызы Айгүл екеуі Зейнолла Сәніктің «Хан батыр Қабанбай» атты кітабын арап әрпінен кириллицаға түсірді.

Бұл жерде аты аталмаған абзал азаматтар қаншама! Осы азаматтар ғұмыр бойы туған жеріне адал қызмет етіп, өлкенің абыройын асқақтатуға үлкен үлес қосты. Олардың ізгілікті істерін ұмытпау – біздің парызымыз.

 

Асылан МАХАНОВ

By karatal

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *