Қоғамда жемқорлықпен күрестің қарқыны күшейгенімен, көлеңкелі қылмысқа жол берушілердің саны азаймай тұр. Соның ішінде, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын және мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкілеттік берілген азаматтардың қызметтік өкiлеттiктерін теріс және заңсыз пайдалану, кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу, кедергі жасау, пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу, қызметтік жалғандық, жеке және заңды тұлғалардың заңсыз материалдық сыйақы беру сынды сыбайлас жемқорлық деректері әлі де ел аумағында белең алуда. Мемлекет бюджетін мақсатсыз пайдалану, қызмет бабын жеке бас пайдасына жарату, жұмысқа қабылдау барысында белгілі бір қаражат мөлшерін талап ету, тексеріс мекемелерінің келуіне орай қаржы жинау секілді сыбайлас жемқорлық тәуекелдері де қазір қоғамда жиі ұшырасып келеді.
Қайтпек керек?! Мұндай жағдайда ел азаматтарының қолдауы мен белсенділігі, ашықтығы мен оперативтілігі айрықша маңызға ие. Анығында, «Жемқорлыққа қарсымыз!» деген ортақ ұран көптің көкейінде көлкіп тұрғанмен, іске келгенде қоғам індетіне қарсы тұру жалқының жұмысы, ардың ісі болып саналады. Сондықтан қандай да бір сыбайлас жемқорлық көріністеріне куә болған азаматтың әлеуметтік індетке көз жұма қарамауы, белсенді әрекет ете білуі – еліміздің ертеңі үшін жасалған ерен ерлікпен және елеулі еңбекпен пара-пар.
Д.КИРГАБАКОВ, Қаратал ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығының МУА