Сіздерді Республикамыздың әр азаматы үшін айтулы мереке – Республика күнімен құттықтаймын!
Бұл күн – ата-бабамыз аңсаған арманның жүзеге асқан, елімізге еркіндік сыйлаған Ұлы күн.
Шынында да, дәл осы күні 1990 жылы ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің № 307-XII қаулысымен Қазақ КСР Мемлекеттік Егемендігі туралы Декларация қабылданды. Декларация Қазақ КСР-нің егемендігін жариялады және Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздерін айқындады.
Егеменді мемлекеттіліктің негізгі қағидаттары ретінде біртұтас мемлекет, аумақтың тұтастық, бөлінбейтіндігі, қазақ халқының және Қазақстанның басқа да халықтарының өзіндік мәдениетін, дәстүрлерін, тілін жаңғырту және дамыту, ұлттық бірегейлікті нығайту бекітілді.
Еліміздің жалынды жастары бастарын бәйгеге тігіп, бодандық құрсауынан шығуға ұмтылған қыршын ерліктері бүгінгі Тәуелсіз еліміздің жарқын істерімен жалғасын табуда. Бостандық пен еркіндіктің бастауы болып табылатын осы салтанатты күні Сіздерге игілік пен бақыт, бақ-дәулет, ырыс тілеймін.
Құрметті жерлестер!
Қазақстанның тұрақты дамуы мен кемелденуі жолындағы еңбектеріңіз табысты, барлық бастамаларыңыз сәтті болсын! Баршамыз үшін тарихи маңызды осы күні біздің берекелі Қаратал ауданының әрбір тұрғынына зор денсаулық, өркендеу, бейбітшілік пен отбасылық амандық тілеймін!
Ерлан ИСАБЕКОВ, Қаратал ауданының әкімі