Сыбайлас жемқорлық еліміздегі өзекті де күрделі мәселелердің бірі. Бұл әрекеттің көрінісін тарих беттеріне үңіліп, сонау XVIII-XIX ғасырларда айқын көрініс бере бастағанына көз жеткіземіз. Дана, ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлының заманында әлемге әйгілі, заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезовтың атақты шығармасында мұндай жағдайлардың орын алуы соның айғағы.
Сыбайлас жемқорлық қоғамның барлық салаларының дамуына кедергі келтіреді. Ал, құқықтық сауаттылық мәселесін мектеп қабырғасынан бастасақ артық болмасы анық. Осы бағытта атқарылып жатқан шараларды әрдайым жандандыру қажет деп ойлаймын. Өйткені жас ұрпақтың бойына адамгершілік құндылықтарды сіңіріп, білімділікке, адалдыққа жетелеп отыру – қазіргі таңда мектептің еншісіндегі басты мақсат пен міндет болып табылады.
Мектебімізде үнемі құқықбұзушылықтың алдын алу шаралары жоспарға сай ұйымдастырылады. Сонымен қатар «Адал ұрпақ» ерікті мектебінің клуб қызметі ұйымдастырылып, оқушылардың назарына «Парасатты азамат» бұрышы құрылды. Оқушылардың адамгершілігі мен құқықтық мәдениетін жоғарылатуға бағытталған сынып сағаттары, құқықтық тәрбие берудегі ата-аналардың ролін арттыру мақсатында ата-аналар жиналысы, «Адал және сатылмайтын еңбек бейнесі» атты сурет байқауы, «Мемлекеттік қызметті алу» іскер ойыны, «Сыбайлас жемқорлықтың, құқықбұзушылықтың зардабы», «Біздің таңдауымыз – құқықтық мемлекет» тақырыбында дөңгелек үстел, «Мемлекеттік қызмет – елдің мүддесіне адал еңбек» байқауы ұйымдастырылды. Адал еңбек – адамзатты өмірлік жеңістерге жетелейтін құндылық болса, сыбайлас жемқорлықпен күрес – қоғамның басты міндеті болып қала бермек.
Гульназ БЕКПОСЫНОВА, № 13 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі