Бүгінде Жетісу облысы бойынша әлеуметтік дүкен ашылып жатқаны тұтынушының жайдарман жаңалығына айналды. Бір ғана Талдықорған қаласында бірнеше дүкен ел игілігі үшін есігін айқарғаны, оны 105 жылдық ғұмырды еңсерген «Жетісу» газетінің журналистері оқырманға ақжолтайлағаны мәлім.
Облысымыздың екшеп айтар бұл жобасы аудандарда ерекше қарқын алып, бірқатар өңірде ашылған әлеуметтік дүкен тұтынушы сұранысын қанағаттандырып отыр. Жуырда жайдарман іс жалғасын тапты. Атап айтсақ, Көксу ауданы бойынша14 азық-түлік дүкенінде қолжетімді бағамен әлеуметтік маңызы бар тауарлар сатылатын «әлеуметтік сөрелер» орнатылды. Осынау жайдарман жаңалықты көріп, шараның ашылуына барсақ та оқырманға дер кезінде ақпарат ұсынбадық. Өйткені жұмыстың жанданып, тұтынушылардың сұранысын білейік һәм бағаның бастапқыдан айырмашылығы бола ма, соны барлайық деп түйгенбіз.
Негізінен көксулық 14 азық-түлік дүкеніне қойылған сөрелердегі тауарлар, сондай-ақ, жалпы барлық өңірдегі негізгі дүниелер Жетісу облысының тұрақтандыру қорының өнімдері екенін айта кеткен жөн. Олардың қатарында құмшекер, күнбағыс майы, күріш, кеспе және өзге де әлеуметтік маңызға ие тауарлар бар.
Хош, жақында ғана Көксу ауданында орнатылған сөрелермен танысып қайттық. Түгеліне дерлік араламасақ та, біршамасына бас сұғып, азық-түлік сапасына, бағасына назар аудардық. Атап айтсақ, әлеуметтік маңызы бар тауарлар қатарындағы тазартылған күріш 370 теңге, рожки 230, қарақұмық жармасы 455, күнбағыс майы 780, бірінші сортты бидай ұны 190, ақ қант – құмшекер 450, ас тұзы 70, картоп 120, пияз 180, бірінші сортты ұннан жасалған бидай наны 188, тауық жұмыртқасы 450 теңгеден сатылып тұр. Бағасына қарай елдің де сұранысы баршылық екен. Айта кету керек, аталған әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бұл бағасы бастапқыда берген ақпараттан еш өзгеріссіз тұр. Бұл көңіл қуантар дүние.
– Әркім керегіне қарай зат алып, тұтынатыны анық. Өз басым азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында жасалып жатқан игі іс деп білемін мұны. Сондықтан да әрбір дүкенде осындай сөренің болғаны жақсы. Онымен қоса өз ауданымыздың да өнімдері сөреден орын алыпты. Бұл да тұрған жерінің желекті болуын көксейтін адам үшін қуаныш қой, – дейді Раяна Мырзахметова атты өңір тұрғыны. Расында, кейіпкеріміз айтқандай, аудандық сөрелерде тұрған пияз, картоп, сәбіз өнімдері Көксу ауданында өсірілетін өнімдер.
Бүгінде қала халқы көп баратын «TOIMART», «Magnum», «Small» кешендерінде әлеуметтік тауар бағасы әртүрлі. Бірінде қымбат дүние екіншісінде қолжетімді бағамен сатылып жатады. Сондықтан да облысымызда ашылып жатқан әлеуметтік дүкен мен сөрелердегі баға мен сауда кешендерінің бағасын салыстырып қайттық. Мәселен Көксу ауданындағы әлеуметтік сөрелерде тұрған, біз жоғарыда атап өткен тауарлар көпшілік «арзан» тұтып баратын «Magnum» сауда желісімен салыстырғанда айырмашылығы бар екен. Мәселен, жұмыртқа, қарақұмық бағалары бірдей болғанымен әлеуметтік сөредегі күріш бағасы 44, картоп 70, пияз 10 теңгеге арзан. Ал қалған өнімдердің айырмашылығы 2-3 теңгеге ойнап отырады, яғни әлеуметтік сөреде 2-3 теңге арзан болған бір тауардан, сауда кешендеріндегі басқа тауар сол бағадан 1-2 теңге төмен. Осылайша салыстыра келе әлеуметтік дүкен мен сөрелер қаладан алыс ауылдар мен шалғайдағы елді мекендер үшін өте тиімді екеніне көз жеткіздік.
Көксу ауданы бойынша Айнабұлақ ауылдық округінде «Алмаз», Алғабас ауылдық округінде «Ерік», Балпық ауылдық округінде «Бастау», «Бастау 2», «Бастау 4», «Бастау 5», Ақшатоған ауылында «Арман», Еңбекші ауылдық округінде «Ақ тілек», Мұсабек ауылдық округінде «Берекет», Қабылиса ауылдық округінде «Аида», Лабасы ауылдық округінде «Айдана», Мұқаншы ауылдық округінде «Көксу», Мұқыры ауылдық округінде «Анар», Жарлыөзек ауылдық округінде «Дария» дүкендеріне әлеуметтік сөрелер орнатылғанын айта кеткен де жөн.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ