Астанада «Жас талант» халықаралық шығармашылық фестиваль-байқауы өтті, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы.
Қатысушылар шығармашылықтың түрлі бағыттары бойынша бақ сынады. Аталмыш байқауда домбыра жанры бойынша СуперГран-приді Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің домбырашылар ансамблі жеңіп алды.
Ансамбль құрамында 23 жас күйші өнер көрсетті.
Домбырашылар ансамблінің жетекшілері жас, дарынды жігіттер – Алмас Жексенбаев пен Мұқағали Сансызбаев. Фестивальде өнерпаздарымыз атақты «Адай» күйін орындап, көрермендер мен қазылар алқасын тәнті етті.
Дәстүр бойынша, жылда барлық Назарбаев Зияткерлік мектептерінде «Домбыра-Дастан» атты бірыңғай домбыра сағаты өткізіледі. Домбыра сабағына келген оқушылар шабыттанып, ансамбль құрамында өнер көрсетуге құштарлық танытады.
— Домбыра – Ұлы даланың аманаты, ата-баба сыры. Мен бұл асыл аспапта ойнауды мектепте үйрендім. Мұндай домбыра тартуға деген құштарлық әрқайсымыздың бойымызда болуы керек деп ойлаймын. Менің талпынысымды ұстаз-куратор-ұйымдастырушы Фариза Тұрарова қолдады. Бұл үшін кураторыма алғысым шексіз», — деп 8-сынып оқушысы Аюхан Ахажан пікірімен бөлісті.