Жаны нұрға, кеудесі асқақ арманға толы жастық шағын, әсіресе балауса кезеңін сағынбайтын жан жоқ шығар. Заманында асыр салып, шыбықты ат қылып мінген жан уақыт өте келе азаматтық үнін білдіріп, елге еңбегімен жағып, талантымен тұғыр сайлап жатады. Десе де, сол бір нұрлы кезең балалық шақ – болашақтың бастауы екені анық.
Біздің халық жастардың болашағынан үлкен үміт күтеді. Ел туған жерінің тағдырын, ертеңін саналы, сапалы жастармен ұштастыратыны да сондықтан. Бұл ретте мемлекет тарапынан балаларға, елдің келешегін манатқа малындыруға тиісті жасөспірімдерге, жеткіншектерге үлкен қолдау бар. Мәселен, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен өткен жылы «Балалар жылы» деп жарияланды. Аталмыш жыл аясында сан мың шара өрнек тауып, жасөспірімдер тағылым алып, сан бала қолдауға ие болды.
Бүгінгі таңда қазақ балаларының 90 пайыздан астамы балабақшадан тәлім алады. Бұл – заман туындатқан дүние. Артықшылығы көп. Оған қоса Мемлекет басшысының тапсырмасымен жер-жерде «Жайлы мектеп» жобасы іске асып жатыр. Ендігі бір-екі жылда жаһандану сұранысына сай алтын ұя мектептер бой көтеріп, көптеген бүлдіршінге есігін айқара ашпақ.
Рас, мемлекеттік бағдарламалар мен атқарылған іс-шаралардың саны өте көп. Біз бұл ретте ұлт құндылықтарын, салт-дәстүрінің ғажайып тұстарын келер ғасырдағы буынға аманаттайтын балдырғандарға рухани тұрғыда да ерекше қолдау бар. Оларға тағылым-тәлімнің таза шырыны ұсынылып жатқанын айтқымыз келеді. Болашағына бағыт сілтеу ұлттың ардақты міндеті десек те, бүгінгі балалардың әлеуметтік желі мен смартфонға тәуелді болып қалғанын жасыра алмаймыз. Сондықтан да әрбір ата-ана, қоғам болып бала шақтан болашаққа деген сапарын айқындауға, еңбектің адам өміріндегі ықпалын, білімнің пайдасын ұғындыруымыз керек-ақ. Әрбір үйдің қызығы мен қуанышы, бақыты саналған балаларымыз ертең ел үмітін ақтайтын, табанын биік тұғырға нықтайтын азамат болсын десек, балауса кезінен пейілмен баптауға міндеттіміз.
АРДА БИ