Жуырда ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында  Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен  «KitapTime-2022» жалпы республикалық кітап фестивалі ұйымдастырылды. «KitapTimе-2022» фестивалінің мақсаты – кітап оқу мәдениетін көтеру, әдебиетті насихаттау, тұрғындарды кітапханаларға тар­ту және оқырмандардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру. Игі бастамаға ауданның орталық кітапханасы да қолдау білдіріп, «Кітап – білім бұлағы» атты  мерекелік кітап фестивалін өткізді. Фестивальға  М.Горький  атындағы орта мектебінің оқушылары мен мұғалімдері және мәдениет үйінің қызметкерлері мен кітапхана ұжымы қатысты.

Шара жүргізушілері А.Маженова мен А.Майланова алдымен оқырмандарды аталмыш мерекемен құттықтап,  фестиваль мен кітаптар жайлы мәліметтерге тоқталып өтті. Шара барысында ертегі кейіпкерлеріне енген «тазша бала», «арлекин», «маймыл», «тышқан» оқырмандармен танысып, би билетіп, тәттілер таратып, оқушы балалардың көңілдерін көтерді. Данияр Кәгілік пен Арман Келденбек «Тәуелсіздік» әнін, Виктория Мурзинцова  «Моя Родина» әнін шырқап, жырдан шашу шашты. Ал мың бұралған «Алтынай» би ансамблінің қыздары көпшілік назарына заманауи би ұсынып, шараның сәнін келтірді.

Кітапханашылар шараны қызықты өткізу мақсатында екі сыныптан екі топ құрып, эстафета ұйымдастырды. Бұнда оқырмандарға ертегілер еліне саяхат жасап, оқыған  кітаптары мен ертегілерін еске түсірту мақсатында квест ойыны ойнатылды.  Кітап жайлы мақал-мәтелді  әдеби лотодан тауып, қойылған сұрақтарға жылдам жауап алды. Келесі  кезекте алдын ала дайындалып қойған ертегі кейіпкерлерінің суреттерінен екі топ мүшелері мозайка құрастырып жарысты. Берілген тапсырмаларға қызығушылықтарын танытып, белсенді қатысқан екі топ бірдей ұпай жинады. Фестиваль соңында «Жаңа кітаптар әлемі» атты инновациялық кітаптар көрмесіне шолу жасалды.

Шара соңында кітап мерекесіне белсене қатысқан оқырмандар марапатталды.

Г. СЕМБЕКОВА, Қаратал ауданының орталық кітапханасының директоры

 

 

By karatal

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *