Қарттарым – асыл қазынам!

«Қарты бар үйдің қазынасы бар» – дейді қазақ. Иә, расында да солай, ата-әжесі бар үйде береке мен молшылық бар. Үйіне түсетін кісі де көп, қонақ та толы болады. Әрбір атқан күндері мереке болып өтеді. Ал ол кісілердің тәрбиесін, үлгі-өнегесін алып өскен бала тәрбиелі, дана болып өседі. «Көп қарттың ортасында жүрген дана болар» – дейді. Атасының қасында жүріп ескінің әңгімесін тыңдап, қамшы өрсе, бір бауын ұстап отырса, бойына қаншама рухани әрі дағдылық қасиеттерді сіңіреді. Сол сияқты әжесінің айтқан ертегі-әңгімелері арқылы жақсы мен жаманды, өтірік пен шыңдықты, ақ пен қараны ажыратуды үйренеді. Ата мен әженің «мектебінен» шыққан балалар өмірде рухани жағынан мықты болып келеді. Сонымен қатар, жүрегі жұмсақ, қоршаған ортаға қамқор, мейірбан тұлға болып ержетеді.

Ежелден-ақ халқымызда қарияларды зор құрметке бөлеген. Өмірлік тәжірибесі мол, көпті көрген, дана, елге айтары бар кісілер ақсақал деп қадірленетін болған. Олар ел ішілік, туысаралық, отбасылық, үлкен дауларды, мәселелерді шешкен, ортақ байлам айтқан. Хандардың қасында да кеңесші қызметінде жастар емес, осы қариялар отырған. Қарттардың алдын аттамай, төрге шығарған. Аузын аңдып, айтқанын ұғып алғысы кеп тұратын. Балаларды кішкентайынан соған тәрбиелеген. «Үлкеннің жолын кеспе!»,  «Үлкенге құрмет көрсет!», «Үлкендердің сөзін бөлме!» және тағы да басқа тәрбиелік мәні зор сөздер. Дегенмен қарттардың бәрі де бұл жиынтық бейнеге сай бола бермейді. Өмірдің зандылығы да сол – барлық адамдар бірдей емес.

Сондықтан да болар Бауыржан Момышұлы жасы үлкен қарттарды: шал, қария, ақсақал, абыз деп төртке бөлген. Отбасы, ошақ қасынан ұзап шыға алмай, түтін аңдып, үй аралап, саяси өсек айтатын қарт – шал. Өз әулетін шашау шығармай уысында ұстап билік жүргізген қартты қария деп, тұтас бір ауылдың жоқ-жітігін түгендеп, жыртығын бүтіндеп, азаматын атқа мінгізіп, айдынын асырып отыратын қартты ақсақал деп,
бүкіл елдің сөзін сөйлеп, намысын жыртып, дау-дамайын шешіп, арғы-бергі тарихтан әңгіме қозғап, тұла бойына ұлттық рух, ізгі қасиеттерді молынан сіңірген қартты абыз деп атаған екен. Қазақта «Өсер елдің қарты қазына болар, өспейтін елдің қарты қазымыр болар» деген сөз де бар. Қазыналы қарттарымыз көп болсын, аман болсын!

Балгерім ТҰМАН

By karatal

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *