Үш ай жазда үлкендер еңбек демалысын алып, туризм ошақтарына барып, табиғат аясында демалатыны сияқты мектеп оқушылары да өздерінің каникулдарын ерекше өткізуді қалайды. Осыны ескерген мемлекет әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балалары мен үздік оқушыларды демалыспен қамтуды қолға алған. Ал Жетісу облысында балдырғандарға арналған лагерь бойынша қандай шаралар атқарылып жатыр?

Балалардың жазғы демалысын жақсы өткізу бойынша ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов: «Оқушылар демалысын пайдалы әрі қызықты өткізгісі келеді. Сондықтан біз бала денсаулығын нығайтуға, білімін толықтырып, жақсы демалуына жағдай жасауымыз керек. Ауыл балаларының бос уақытын тиімді өткізу ерекше назарда болуы керек. Олар үшін спорт алаңдары мен даму орталықтарын жабдықтап, ойын-сауық, мәдени іс-шараларды ұйымдастыру қажет», – деп селекторлық жиында барлық облыс әкімдеріне тапсырма жүктеген еді.

Осыған орай балдырғандардың жазғы демалысын қызықты әрі әсерлі өткізу үшін Жетісу облысында жүйелі жұмыстар жүріп жатыр. 2024-2026 жылдары 4 балалар сауықтыру орталығын салу жоспарлануда. Бұл да балалар мен ата-аналар үшін керемет жаңалық.

Қазір демалыс орталықтары бар жақсылығын балаға тосып, бүлдіршіндердің демалысын қызықты өткізу үшін түрлі шаралар өткізуде. Мәселен, Текелі қаласындағы «Алтын Шажа» жазғы лагері бірінші маусымының алғашқы легінде 250 баланы қабылдады. Мұнда Ескелді ауданынан келген балалар жазғы сауықтыру орнында демалды. Оқушыларға 50-ден астам маман қызмет көрсетті. Оның 20 жуығы кәсіби тәлімгерлер. Демалыс орнында балаларға барлық жағдай жасалған. Таңғы астан бастап күні бойға бағдарламалар құрылған. Бүлдіршіндердің қауіпсіздігі үшін арнайы бейнебақылаукамералары орнатылған. Биыл лагерь 9 ауысымға бөлінген. Жалпы осы маусымда 2000-нан астам бала қабылдауды көздеп отыр. Балдырғандардың жазғы демалысының қалай өтіп жатқанын көру мақсатында «Алтын Шажа» лагеріне барып қайттық. Мұндағы бүлдіршіндер демалыс орнында бар жағдай жасалғанын айтып, алған әсерлерімен бөлісті. Сауықтыру лагерінде каникулын ерекше өткізіп жатқандардың бірі Аяжан Амангелдіқызы былай дейді:

– Мен биыл лагерьге алғашқы рет келдім. Демалыс орнында спорттық ойындарға қатысып, құнарлы тамақтар іштік. Түрлі байқаулар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға сыйлықтар табысталды. Ең бастысы, ұялы телефоннан алшақтап, кітап оқып, шығармашылықпен айналысу үшін де мол мүмкіндік жасалды. Бұл жердің табиғаты да керемет екен. Жалпы лагерь маған ерекше әсер сыйлады.

Әрбір балдырған үшін жазғы демалыстың қызықты әрі көңілді өтуін ұйымдастырып жатқан мамандарды сөзге тартқан едік.  Облыстық білім басқармасының дене тәрбиесі, алғашқы әскери дайындық және қосымша білім берудің ғылыми-тәжірибелік орталығы директорының орынбасары Гүлзира Құмарқызы:

– Жетісу облысында 339 жалпы білім беру мекемесі бар. Онда 128 мыңнан астам бала қамтылған. Оның 56 мыңы әлеуметтік осал топтағы бала. Қала сыртында 9 лагерь бар. Текелідегі  «Бастау» және «Эдельвейс» лагерінің басқа демалыс орындарынан ерекшелігі – мұнда ағылшын тілін тереңдетіп оқу қарастырылған. Сонымен қатар, оқушылардың жазғы демалысын тиімді өткізу үшін мектептерде де лагерь болады. Мектеп жанындағы лагерьмен 43 мыңнан астам бала қамтылады деп жоспарлап отырмыз. Балдырғандар 7-10 күн аралығында білім ордасында өтетін түрлі жарыстар мен шараға қатысады. Мектептегі әр лагерь 6 ауысымнан тұрады, – дейді.

Сондай-ақ, Талдықорғандағы оқушылар сарайында 6-10 жасқа дейінгі балаларға арналған лагерь бар. Бүлдіршіндерге екі ай бойы ойын ойнатып, шығармашылыққа баулып, демалысын ерекше өткізу үшін жарыстар ұйымдастырады. Текелі қаласы білім бөлімінің әдіскері Гауһар Шүкібасованың айтуынша, моноқаланың өзінде 100-ден астам бала түрлі бағыттағы шығармашылық үйірмеге қастысса, 300-ден астам оқушы өлкетану көшпелі экскурсиясына шығады екен.

Иә, бүлдіршіндердің демалысын қызықты өткізу үшін облыста түрлі шаралар ұйымдастырылып, тегін лагерьлер қарастырылған. Десе де он лагерьмен барлық облысты қамту мүмкін емес. Сондықтан, Жетісу облысына әлі де лагерь салу керек.

Жетісуда тау да, тоғай да, су да, көл де бар. Тарихи, мәдени орындар да жетіп артылады. Тек соның оңтайын тауып, табыс құрай білсек, туризмді дамыта білсек болғаны. Балалардың туған елі мен жерінің тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін танытуда лагерьдің ерекше маңызға ие екені белгілі. Олай болса неге әрбір ауылға лагерь салып, үйірмелер, спорттық нысандар ашпасқа? Жас ұрпақтың денсаулығын ойласақ, әр ауылдан бір-бір лагерь ашып, ауыл балаларын толықтай жазғы демалыспен қамтуымыз қажет.

                                                                                                                                                           Айдар ҚАЛИЕВ
                                                                                                                                          Суретті түсірген Руслан ҚАДЫРОВ

By karatal

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *