Даласы дастан, қойнауы қазына Жетісу жері – тарихи құндылыққа бай өлке. Мұнда жылдар бойы жүргізілген қазба және зерттеу жұмыстары нәтижесінде көптеген археологиялық ескерткіш табылды. Ерте темір дәуірінен бастау алатын ежелгі сақ, үйсіндердің қорғандары, обалар, балбал тастар, орта ғасырға тиесілі көне қалалар, тастағы бейнелер мен жазулар, сондай-ақ, қазба жұмыстары кезінде табылған заттар – Жетісуды мекен еткен халықтардың мәдени-тарихи өмірін айқындайды. 


Жетісу жерінде ежелден сақтар және олардың мұрагері үйсіндер мекен етіп, өздерінің мәдени өмірін, өркениеті мен дәстүрін көрсетіп кетті. Оған археологиялық қазба жұмыстары мен зерттеулер куә. 1957 жылы көне қорымдар қатарына жататын сақтардың Бесшатыр қорғанына Кемел Ақышевтің экспедициясы жұмыс жүргізді. Қорым Кербұлақ ауданы, Іле өзенінің оң жағалауында, «Алтынемел» табиғи қорығының территориясында орналасқан. Зираттарда патша әулеті мен ақсүйектер жерленген. Мұнда үлкенді-кішілі 31 оба бары анықталды. Зерттеу барысында қазылған 18 орынның үшеуі үлкен, қалғаны орташа және кіші обалар. Үлкен қорғанды шеңбер құрып, айналдыра 45 тас дуал тізіліп тұр. Тақташа тәрізді тастардың бетіне таутеке, қабан, қасқыр және басқа да жануардың суреттері бейнеленген. Сақтар бұл жерде өлілерді еске алып құрбан шалып, әртүрлі діни рәсімдер өткізетін болған. Бұл шеңбер тастар одан бөлек астрономиялық маңызға да ие. Ондағы адамдар тастарға қарап күн мен айдың бағытын анықтап, тіпті, аспанға қарап ауа райын болжаған.
Қорымдағы ең басты ерекшеліктің бірі – ол зираттағы  шырша бөренелерден қаланған жерасты өткелдері. Үлкен Бесшатыр қорымы ең ірі құрылымға жатады. Мұнда тас үйінділердің астында жерасты жолдары арқылы жерлеу камераларына баруға болады. Қазба жұмыстары кезінде археологтар қылыш, қанжар, ұштары қоладан жасалған жебелер, темір пышақтар, шаш қыстырғыштар мен алтынмен безендірілген киімдерді тапқан. Алайда, бұл қорымдардың кезінде тоналғаны белгілі болды. Қорған астындағы күрделі құрлыс техникасына қарап сақтардың ағаш өңдеу, үй салу, құрылыс жүргізудің технологиясы мен әдіс-тәсілін білетінін, мәдениет пен өркениеттің озық үлгісін қолданғанын пайымдаймыз. Қорым тек діни-тарихи ескерткіштердің қатарына ғана емес, сонымен қатар, табиғи-мәдени көріністің ерекше түріне жатады. Алыптығы мен күрделілігі жағынан Бесшатыр бүкіл Орталық Азияда теңдесі жоқ. Дәл осы қорымдарға ұқсас Қапал ауылынан 4-7 шақырым қашықтықта шығысқа қарай тасжол бойында бірнеше сақ қорғаны кездеседі. Олар есепке алынғанымен толық зерттелмеген. Дәл Бесшатыр қорымындағы дөңгеленген шеңбер тәрізді тізілген тастар Баянжүрек тауының оңтүстігінде «Қалақай» деген жерде де бар. Бұл шеңбер іші тастармен географиялық дәлдікпен төртке бөлінген. Әрбір бөлінген сызық әлемнің төрт бұрышын көрсетіп тұр. Бүгінге дейін сақталған бұл ескерткіштер мен қорымдар әлі де зерттеуді қажет етеді.

Ең алғаш зерттеліп ғылымға енген «Таңбалы тас» петроглифтері екені белгілі. Ол жерде 5000-нан аса сурет кездессе, Көксу өзенінің оңтүстігіндегі Ешкіөлмес тауында 10 000-дай сурет бар. Ешкіөлмес петроглифтері – әзірше еліміздегі петроглифтердің ең үлкен жинағының бірі. Саны жағынан көп, сызбалары мен сюжеті алуан түрлі, көркемдік жағынан ерекше суреттер кешені. Ең алғаш 1970 жылдардың соңында анықталған. 1982 – 1990  жылдар аралығында археологиялық-экспедициялық зерттеу жұмыстары жүргізілген. Ал қазіргі уақытта Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының әртүрлі экспедициялары зерттеу жұмысын жалғастыруда. Ешкіөлмес жотасындағы петроглифтердің киелілік маңыздылығына зер салсақ, тастағы суреттерде қола дәуірінен бастап, орта ғасырларға дейінгі ежелгі тұрғындардың діни-мифологиялық дүниетанымының толық бейнесі көрсетілген. Ал Қапалдан шығысқа қарай 25 шақырым жерде орналасқан Баянжүрек тауының беткейі мен күнгей тастарында да әртүрлі формада салынған петроглифтер бар. Мұндағы суреттерді 1994 жылы ЮНЕСКО-ның «Орталық Азия петроглифтері корпусы» жобасы аясында іздеу-зерттеу жұмыстарын жүргізген қазақтың белгілі археологы Бекен Нұрмұханбетов көрсеткен. 1995-2006 жыл аралығында және 2009 жылдары Зейнолла Самашұлы бір топ археологпен бұл ескерткіштерді суретке түсіріп, зерттеу-анықтау жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде суреттерді салудың техникалық тәсілдері арасында соққы іздерінің ұсақ түрі көбірек кездесетінін, кейбір суреттің салынуында нақыштау, қырнау және аралас техника кездесетінін анықтаған. Ондағы суреттердің мазмұны да, сипаты да әртүрлі. Басым бөлігінде салт атты сарбаздар, сондай-ақ, күн басты бейнелер кездеседі. Өте ірі суреттер де, мүлдем шағындары да бар. Аң стиліндегі және басқа да суреттерге қарап құрбандық малды мүшелеу идеясы мен оның түсін сипаттауға деген талпыныс байқалады. Мұнда көп кездесетін бұқа, жабайы таутеке ежелгі адамдардың дүниетанымымен және күнделікті тіршілігіне байланысты алуан түрлі сюжетке арқау болған. Баянжүрек суреттерінің арасында сирек кездесетін, бірақ тарихи құндылығы аса жоғары көне түркі заманының таңбалары, көне түркілердің руникалық жазулары бар. Бұл ескерткіштер ЮНЕСКО-ның мәдениет картасына енген. Қапал өңірінде Баянжүрек тауынан бөлек Көкқия тауының беткейлерінде, Қапал маңында өзен бойларындағы жақпар тастарда кездеседі.

Жетісу өлкесінің сайын даласында кездесетін петроглифтер  кешеніне мәдени-хронологиялық мағына дарытып тұрған түрлі археологиялық ескерткіштер куә. Бұған дәлел жоғарыда келтірілген Ешкіөлмес, Баянжүрек петроглифтерінен бөлек Арқарлы, Қарабұлақ, Қаратал, Ынталы, Алакөл өңіріндегі петроглифтер де тұнып тұрған тарих.

Халықаралық сауда жолының тарихы б.з.б. 3-2- мыңжылдықтардан бастау алады. Шығыс Түркістаннан Иран, Мысыр, Қытай мен Сирияға лазурит пен нефрит тасудан басталады. Б.з.б. 138 жылы Қытай императоры У Ди Батыстың беймәлім елдеріне елшілік керуенін жібереді. Ол алғаш рет Қытайдан Орталық Азияға тіке жол тартады. Сапар барысында сауда үшін қолайлы жолдар анықталып, Ұлы Жібек жолының негізін қалады. Ұлы Жібек жолының бір тармағы Жетісу жерін басып, Қазақстанның оңтүстігімен өтіп, Сарайшық қаласына жетеді. Бұл жолдар елдің экономикасы мен сауда-саттығының дамуына үлкен жол ашты. Жол бойында керуен сарайлар, қалалар салынып, батыс пен шығысты байланыстыратын өркениет дамыды.  VIII – XIII ғасыр аралығында Ұлы Жібек жолы бойындағы Жетісудың орта ғасырлық отырықшы және қала мәдениетінің  дамығандығы туралы жазба деректемелер мен археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде анықталған. Оған – Сарқан ауданындағы Қойлық, Көксу мен Қаратал өзенінің бойынан табылған Дүнгене, Екі Өгіз, Панфилов ауданындағы Ілебалық, сондай-ақ, Алакөл ойпатынан табылған қалалар жатады. Қойлық қаласына келсек, ол ХI ғасыр мен ХIII ғасырдың басына дейінгі аралықтағы жазбалардан Қаялық атауымен қарлұқ жабғуларының астанасы ретінде белгілі болған. Қала қарахандар қағанатындағы түркі-қарлұқтардың орталығы болды. Тарихта Қойлық қаласы туралы жазбалар қазақ тарихшыларында ғана емес, әлемдік тарихта да айтылған. Франция королі Людовик ІХ Вильгельм Рубрукты саяхатшы ретінде 1253 жылы Орта Азия елдеріне елшілікке жібереді. Осы кезеңде Вильгельм Рубрук Қойлық қаласына тоқтап, мұнда қонақ ретінде қабылданып, жергілікті халықтың мәдениеті, тұрмыс-тіршілігімен танысады. Ол негізі тарихта будда храмы туралы, сонымен қатар, хамам моншасы жайлы жазып қалдырады. 1998 жылы Дмитрий Воякин мен Карл Байпақов зерттеу жүргізіп, осы жерден жаңа аталған хамам монша мен будда ғибадатханасын, мешіт пен шіркеудің орындарын табады. Бүгінде Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінде Қойлық қаласынан табылған жәдігерлер бар. Олардың ішінде айта кететіні – су құбыры, қыш ыдыстар, кірпіш пен қола айна, үлкен хум ыдыстар  Қойлық – 3 діннің, сан түрлі мәдениеттің тоғысқан жері болғанын білдіреді. Сондықтан 2013 жылдан бастап, Қойлық Дүниежүзілік тарих және мәдени ескерткіштер тізіміне еніп, ЮНЕСКО қамқорлығына алынды.

Жалпы, ата-бабаларымыздың өмірі, өткен жолы мен тарихы жайлы баяндайтын жәдігерлер аз емес. Қазақстанның ежелгі дәуірдегі және орта ғасырдағы тарихын жаңғыртуда құнды мағлұмат беретін әрі жақсы зерттелген археология ескерткіштері жоқ емес. Алайда, әлі де зерттеуді қажет ететін орындар да жетерлік. Археологиялық ескерткіштер жер астында жасырулы. Сондықтан олар жер қазу жұмыстарында кездейсоқ табылып жатады. Көптеген монета немесе басқа құнды заттар музейлерде сақтаулы. Осының бәрі біздің тарихымыз үшін құнды мағлұматтары бар археологиялық ескерткіштер қатарына жатады.

Қалқаман АБДРАХМАНҰЛЫ,
М. Тынышбайұлы атындағы
тарихи-өлкетану музейінің
бөлім меңгерушісі
Талдықорған қаласы

By karatal

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *