Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде балаларды жазғы демалыс, сауықтыру лагерімен қамту бойынша брифинг өтті.
Шара барысында облыстық білім басқармасы дене тәрбиесі, спорт алғашқы әскери дайындығы және қосымша білім берудің ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Айбол Қасенов балалардың демалысын тиімді өткізу мақсатында тиісті жоспар құрылып, жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.
– Облыс бойынша 8 лагерь 2 маусымнан бастап жұмыс жүргізуде. Жалпыға міндетті оқу қорынан балаларды жазғы сауықтыру лагерімен қамту басты назарда. 13838 баланың 7961-і маусым айы мен шілде айының 24-і аралығында лагерьге барды. Тамыз айының соңына дейін 5832 бала қамтылады деп жоспарлап отырмыз. Облысымыздың 9 қосымша білім беру мекемелері – Оқушылар сарайы, Балалар шығармашылық орталықтары, Өнер мектептері, Балалар мен жасөспірімдердің туризм және өлкетану орталығы балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мақсатында ақысыз күндізгі «Балдәурен» лагері жұмыс атқаруда. Онда төрт ауысымда 3 мыңнан аса 6 жастан 12 жасқа дейінгі бала барды, – деді Айбол Батырболұлы.
Сонымен қатар, ол «Туған жер» бағдарламасы аясында балалар жазғы демалыста тарихи маңызы бар Текелідегі археологиялық ескерткіштерге, петроглифтерге, Қонаев қаласының маңында орналасқан Көшпенділер қалашығына, Есік көлі, Түрген шатқалы, Көлсай және Қайыңды көлдеріне, «Алтынемел» ұлттық саябағына саяхаттағанын айтты.
Айта кетейік, балдырғандардың жазғы демалысын қызықты әрі әсерлі өткізу үшін облыста 2024-2026 жылдар аралығында 4 балалар сауықтыру орталығын салу жоспарлануда. Бұл да балалар мен ата-аналар үшін керемет жаңалық.
Айдар ҚАЛИЕВ