Облыстық ардагерлер ұйымының ұйымдастыруымен Талдықорғандағы Ардагерлер үйінде «Батамен ел көгерер» байқауы өтті. Парасаттылық сынына облыс қалалары мен аудандарының ақылгөй қариялары қатысып, жұртшылық алдында беріп жүрген баталарын жалпы көпшілік пен әділқазылар алқасының сарабына салды.
Халқымызда «Жаңбырменен жер көгерер, батаменен ел көгерер» деген жақсы бір тәмсіл бар. Бір мезгілде «Бота алма, бата ал» деп те тұжырымдайды. Сол ақиқатты ұстанған бабаларымыз кезінде Қызыр дарып, бақ қонған, шаңырағына ырыс ұялаған аузы дуалы адамдардың баталарын алып қалуға тырысатын болған. Тіпті сол үшін айшылық алыс жерлерге сапар шеккен, әйтпесе арнайы қонаққа шақырып, құда күткендей сый-сияпатын жасап, бата сұраған жайттар кездескен. Бүгінде халқымыздың осынау тағылымды дәстүрі қайта жаңғырып, жаңару үстінде. Ардагерлер үйінде өткен шара осы тұжырымымыздың жарқын бір дәлелі іспетті.
Әйгілі Төле биден бала кезінде бата алған Ескелді әулие уақыт өте келе аузына қалың ел қараған дара да дана тұлғаға айналды. Осынау жан толқытар көрініспен ашылған байқауда облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ермек Келемсейіт сөз сөйлеп, батагөй қарияларға сәттілік тіледі.
Ел мен жерге, ел мерейін көтерер ерлерге, желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпаққа ақ тілектер ағытылған байқаудың алғашқы кезеңінде қазыналы қарттар өздері дайындап әкелген баталарын әділқазылар алқасының сарабына салса, екінші кезекте жеребе бойынша белгіленген тақырыпқа бата берді. Тұсау кесу мен ас батасы, сапар мен Наурыз батасы тәрізді тақырыптарға берілген баталар қариялардың бәсекеге қаншалықты дайындалып келгендіктерін, яғни жалпы өмір тәжірибелерінің де молдығын байқатты. Әйтсе де «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» дегендей, түптеп келгенде бағы мен бабы бірдей шапқан қараталдық қария Сейфулла Ержанұлы 1-орынға лайық деп танылды. Жүлделі екінші, үшінші орындарды талдықорғандық Қуаныш Күнболатов пен алакөлдік Әділғазы Нүсіпов ақсақалдар өзара бөлісті. Өзге қатысушылардың еңбегі ынталандыру сыйлықтарымен атап өтілді.
Байқау соңында әділқазылар алқасының төрағасы Әміре Әрін сөз алып, тағылымы мол шараның өтуі мен маңызы жайында айтып өтті.
Ән-күйсіз өткен шараның сәні келген бе? Мұны ескерген жұртшылыққа белгілі өнерпаз, әнші, сазгер Бақберген Асқарбеков шара барысында осы өңірде өткен өнерпаздардың әндерін нақышына келтіре орындап, көрермен ықыласына бөленді.
Мазмұнды шара соңында облысымыздың түкпір-түкпірінен ат терлетіп келген қариялар ақ дастарқан басында шүйіркелесіп, ұлағаты мол әңгіме өрбітті.
Нүсіп Додабайұлы