Діни экстремизм – әдетте, қоғамда белгіленген тәртіпке, мемлекет ішіндегі құрылымға наразылық білдірудің заңсыз және қоғамға зиян келтіретін әдістері мен формаларында көрінетін құбылыс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел қауіпсіздігіне төнген қатерге баға бере отырып, өткен Парламент мәжілісінің отырысында саяси және әлеуметтік-экономикалық салалардағы өзекті мәселелерді шешу бойынша жасаған ауқымды баяндамасында «діни экстремизмнің қылмыстық әлеммен бірігуіне жол бермеу керек» екенін баса айтты. Бұл ретте дін саласындағы сарапшылар мен мамандарды дайындаудың жаңа талаптарын, білім беру бағдарламаларының қоғам сұранысымен тығыз байланысын тағы да өзектілендіру қажеті тұрғанын терең түсінеміз.
Маңызды міндеттердің бірі инженерлер мен өнеркәсіпшілердің жаңа буынын даярлау болды. Президент елімізде қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту жөнінде тапсырма бере отырып, кадрлық әлеуетті арттыруды алға тартты. Ел экономикасы үшін инженерлерді даярлаумен отандық оқу орындары да, Ресейдің және басқа елдердің жетекші білім беру орталығының филиалдары да айналысатын болады. Мұндай шараны іске асыру елдегі білім беру сапасының өсуін, жастардың отандық экономикада жұмысқа орналасу деңгейін көтеруді көздейді.
Қазақстан Республикасының Президенті қаңтардан кейінгі дамудың бағыттарын анықтап, жаңа үкіметке бірқатар міндеттерді жүзеге асыруды тапсырды. Соның ішінде мәдениет пен білім беру саласына аса мән берді. Жоғары мәдениет пен білім салтанат құрған мемлекет қана террорлық әрекеттерге, экстремистік пиғылдағы топтардың жұмысына тосқауыл болатыны сөзсіз. Діннің экстремизммен емес, мәдениетпен, білім мен ғылыммен қатар айтылатын жағы үстемдік құрған кезде болатынын тарихтан білеміз. Айталық, араб-мұсылман мәдениетінің алтын дәуірі – «мұсылмандық ренессанс» кезеңін тілге тиек етсек те жеткілікті. Діннің ғылыми жаңалықтарға, мемлекеттің гүлденуіне ықпал етіп, адамгершілік нормаларды қоғамдағы қарым-қатынастардың негізіне айналдыра алатын да мүмкіндігі бар екенін естен шығармауымыз керек.
Қаралы күндерден халықтың түйгені – бейбіт өмірдің құндылығы, елдің тұтастығы, «ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары». Мемлекеттің дамуына мүдделі ел осы құндылықтарды көздің қарашығындай сақтауы тиіс. Әлем бір орында тұрмайды. Ал даму үстінде неше түрлі сын-қатерлер болуы мүмкін.
Ең бастысы – сол сындарды еңсере білуде, еңсеру жолында біріге алуда. Сонымен қатар жеке бас мүддесін мемлекеттік мүдде үшін сарп ете алуға қабілетті болуда, мемлекетті тұрақты дамыту мақсатында қоғам қауіпсіздігін сақтай алуда. Адам өміріне қауіп төнбеген мемлекетте ғана даму мен өркендеу бар.

​​​​​​​​​А.Айтбаева

By karatal

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *