«Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған», – деп дана Абай атамыз текке айтпаса керек. Бүгін өлмес сөзі арқылы ғасырлар керуеніне ілесіп, ұрпағымен жасай беретін Абай Құнанбайұлының туған күні. Қара сөзін қадір тұтқан қазақ елі қара өлеңнің патшалығында Абайдан қалған жыр-жауһардың керуенін Атырау–Алтай арасына, Алатау–Арқа даласына жалғастырып жатыр. Ендеше бүгін «Өлең – сөздің патшасы» салтанат құратын күн.
Осы сәтті пайдаланып, өмірден өзі өтіп кетсе де өлмес сөзі қалған қарымды қаламгер, жалынды журналист болған аға буын өкілі, кезіндегі «Жерұйық» газетінде ұзақ жыл еңбек етіп, облыстық басылымда әріп терушіден бастап, жауапты хатшылыққа дейін жеткен Сейітқали Елтайұлының хакім Абайға арнаған толғауын оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Ұлылықтың ұйытқысы, данышпаным,
Көксемей ғажап ғұмыр, жан ұшпағын.
Артыңа өлмейтұғын сөз қалдырып,
Ұлағатын ұрпаққа бағыштадың.
Заманыңнан келмеді қалыс қалғың,
Куәсі – мыңмен жалғыз алысқаның.
Алыстан жанайқайың естілгендей,
Жартасқа жаңғырығып шалысқан үн.
Шіркін-ай, көрікті ойың – көңілдегің,
Шалқиды өзгерместен өңінде мін.
Сөзіндей шариғаттың бәрі дәмді,
Екеніне шүбәсіз сенімдемін.
Дарыған даналарға дара сезім,
Қайнары ғибраттың – Қара сөзің.
Еншіңді ешкімге де телімеймін,
Өлеңнің өлкесінде сарасы өзің.
Қасарысқан қапастың қыспағында,
Қайсарланып ақ жолды ұстадың да.
Қара қылды қақ жарған қайратыңа,
Қайран қалды досың да, дұшпаның да.
Бабаңның дуалы сөз байырғы әнін,
Білеміз жаудың бетін қайырғанын.
Әжеңнің құлағына суфиттадың,
Шығыстың шарапатты шайырларын.
Ел ағасын сұлтан мен болыс қойған,
Кенделігі демессің орысты ойдан.
Бұлағынан білімнің бастау алып,
Үйрендің Салтыков пен Толстойдан.
Жұлқыласып күн өтті күштіменен,
Жатып алып, тілдеспей ешкімменен.
Татьяна хаттарын талшық етіп,
Жеке қалып сырластың Пушкинменен.
Жігіт шақтың базары сайранменен,
Көкіректі кернеген қайран өлең.
Тілі бөлек болса да тілегі бір,
Бауыр басып алдың ғой Байронменен.
Жақындасып кеткендей етенеден,
Бәлсінбей, биік болып бетегеден.
Лермонтовпен қауышып қараңғыда,
Қиял кездің түнімен Гетеменен.
Пайдакүнем қулардың қырына ыққан,
Тоғышардың тұрмысын, сырын ұққан.
Масылдардың мысқылмен миын мытып,
Тәржіманы тердің ғой Крыловтан.
Бір-бірінен алшақтап шет өрістей,
Көшкендер көп жатсынып, бет көріспей.
Теңестірген Шығыс пен Батысыңды,
Дос таптың Долгополов, Михаэлистей.
Ақылдының алдынан ұлағатты,
Мөлдіреген кәусардай бұлақ ақты.
Талабыңа кездессе сөз маржаны,
Асылдарын теріп ап, сына бақты.
Жалғанға жалтақтамай тік қараған,
Қарымды қаламынан құт дарыған.
Өзеннің өзегінен мұхит жасап,
Әлемге паш етті ғой Мұхтар ағам.
Өмірі ерте үзілген талай дарын,
Сақтаған азаматтық қалай да арын.
Ғаламдық ғұламалар қатарында,
Білеміз мәңгілікке Абай барын.
Ойлаған құр басы емес, халық қамын,
Ұғамыз мықтылықты танытқанын.
Тұрсын да таланттар өз тұғырында,
Тақпайық, ағайындар, алыпқа мін.
Көзінің тамшылаған жасын тыйып,
Алдыңа кім келмеді басын иіп?
Мәртебе екендігі мұның бәрі,
Өнердің өріндегі тасың биік.
Ойшылдардың танымдық қарасы артық,
Алмайық сол сезімді аласартып.
Қазақтың көңіліне қаяу салған,
Тек түсінсе болғаны Қарасартов.
Ез демен Тобықтыдай Арғынымды,
Меңгерген пәлсапалық бар ғылымды.
Алдында аруағыңның мойынсұнып,
Паш етем шырылдаған зар-мұңымды.
Қайғысыз қара суға семіреді,
Кей малғұн жан жүйкеңді кеміреді.
Жастыққа, кәрілікке қарамаған,
Қара жер неткен сонша жебір еді.
Жаулап алу көкейін тескен бірден,
Не қалды жер шарында Ескендірден?
Аристотель ақылы амал тауып,
Өр кеудесін ажалдан сескендірген.
Марқұмдар ала кетпес дүниесін,
Ал әлемнің біледі кім иесін?
Билеуші бәрімізді ұлы күш бар,
Алла деген мәңгілік діни есім.
Туған жер бұйырса екен топырағың,
Кей кезде құлшылық қып отырамын.
Құдай жоқ, дін – апиын деген жалған,
Жетпіс жыл жәбірледі соқыр наным.
Өтпеді басымыздан кеше нелер,
Көргенің күннен-күнге еселенер.
Шалса да аяғыңнан алпауыттар,
Ит үреді, керуен көше берер.
Замандасың, ілескен қатар інің,
Шәкірттерің Көкбай мен Шәкәрімің.
Шайқалды шаңырағы шаңқай түсте,
Нең қалды көрсетпеген ә,тәңірім!
Қамықты өз халқы үшін Алаш қатты,
Ұлтшылсың деп оларды аластатты.
Алты ағайын арасын арандатып,
От жағып, кейбіріне шала ұстатты.
Ойрандады ақ пенен қызыл жұртты,
Көп түтіннің бойжеткен қызын құртты.
Аштық жайлап, жан басы азайғанда,
Арысыңды аттырды ұзын мұртты.
Алапаттың аймағы Қарауылдан,
Дертсіз пенде таппассың бар ауылдан.
Ядролық апаттың зардабынан
Үлкен-кіші, бәрінің жаны ауырған.
Сыры мәлім болды ғой бұл даланың,
Көз алдымда бейнесі ұл баланың.
Қос қанаты қайырылып, сурет салған
Ерініне қымтып ап қылқаламын.
Жақсыдан шыққан емес жаман айла,
Сарыуайым қайғыға қамамай ма?
Шырылдап, шер жүректен шырқап ұшқан
«Елім-ай» кеп мұң қосты «Заман-айға».
Көз аштырмай жеріңді жарылыстан,
Қандай жауыз тапты екен ары мыстан.
Қыран қарап қырық жыл қилы кезең,
Запырандай зардабы зары қысқан.
Қоймайды ар-намысты тепкенімен,
Өтті күн бас көтермей өктем үннен.
Жараланған жаныңның жазы солып,
Арылғандай көңілің көктемінен.
Адамдардан бастады қырды лақты,
Тілімізді басқаша былдырлатты.
Ал біз болсақ мәз болып жүре бердік,
Омырауға тағып ап «сылдырмақты».
Мойынына асынып «ілдірмекті»,
Дінімізді біртіндеп бүдірді епті.
Барымызды жоғалтып ала жаздап,
Өкінішпен алдамшы тірлік өтті.
Естіледі құлаққа шу даладан,
Құрып біраз бітті ғой удан адам.
Аңқау қазақ имандай сендің кімге,
Атаңды да кезінде қудалаған.
Соққылаумен сойылын ақ патшаның,
Шығармақ боп өзінің жақсы атағын.
Қой терісін жамылған қасқырдайын,
Аңсады ғой тұрса да, жатса тағын.
Жүргізбек боп үстемдік ұлықтығын,
Істеді ғой біз білмес былықты мың.
Зынданында жасырын зымияндық,
Бетпердесін кәпірдің ұғыпты кім?
Мұндай сірә, көрдің бе масқараны,
Қамалыппыз түнектен тас қараңғы.
Іштепінде қатты ғой мерез болып,
Орындалмай жоспары «асқаралы».
Әлі талай асатын жолда сын көп,
Енді қайтып зар-заман бюолмасын деп.
Семейде полигонды жаптырды ғой,
Төрткүл дүние танитын Олжасың кеп.
Нақ шындықтан несіне шегінеміз,
Басқалардың қызықтық шеніне біз.
Жетеді ғой тілекке болса егер,
Алға қойған мақсат пен сенім егіз.
Айтарыңды айтайын елім сөкпе,
Бауыр басып кеткенбіз келімсекке.
Бәрін дос қып іш тартып жүргеніңде,
Әдет-ғұрпың қалды ғой сенің шетте.
О, қазағым, алғашқы қатаңды ұғын,
Тектен-текке баспайды атаңды мұң.
Шолақ етек шекпенді мақтан көріп,
Лақтырып тастаған шапанды кім?
Жапа шектік жандардың жалтағынан,
Қорғанып, қайырсызды қалқа қылған.
Пана таппай басына пәтуалы,
Бабамыздың айырған қалпағынан.
Көрмеген қоныс теуіп жат ұяны,
Қыран бүркіт, қанеки, тап қияны.
Несіне сен тастадың өз төбеңнен
Анаң тігіп кигізген тақияны.
Шымылдықтың сыртынан тездеп көрін,
Жасырғанмен не лажы, өз беттерің.
Қисық болса айнаға өкпелеме,
Ал, дәстүрге берік қой өзбектерің.
Әр халықты жаншыды азапты мұң,
Пейіліңнен сезілер таза, ақтығың.
Әсірелі қызылдың оңғанындай,
Қайда кетті баяғы қазақтығың.
Ақын сүйген Тоғжан мен Әйгерімі,
Мінезіне емес пе ед сай көрігі.
Жоғалды ғой, толықсып өскендегі,
Қыз бұрымы, қолаң шаш, қайда өрімі ?
Жастарыңды көргенде секеңдеген,
Әр нәрседен көңіл қап, секемденем.
Бостан -босқа не керек тыраштанып,
Пәс пиғылмен батысқа жетем деген.
Астыңдағы жігітім – бақ, қанатың,
Қандай қиын сүрінсе шапқан атың.
Ақтамасаң атаңның аманатын,
Абыройың қалмайды мақтанатын.
Сабыр етші, жүрегім аласұрған,
Бұл күндері кімің бар жанашырдан.
Түзу сөзді тыңдайтын құлақ бар ма?
Ағайының алауыз, бала сырдаң.
Кейбіреулер түлкіше бұлаңдайды,
Ел арасын іріткі сап ылаңдайды.
Солардың кесапатты қырсығынан,
Көрмесін келешегің – ұлан қайғы.
Сарынмен заманның үндесімін,
Кешегі кемеңгерің, күн көсемің.
Шариғаттың шарттарын шатастырды,
Құдай-ау, артық келдік кімге сенім?
Тыңдаған нақыл сөзді өседі де,
Басқаның ере берме «есегіне».
Бұдан былай біреуге бодан болып,
Тұсалмаңдар тұрлаусыз кеселіне.
Туған күннен ұмтылар жарыққа адам,
Кеш қалар ана сүті жарытпаған.
Тәуелсіздік алғанмен тәлтіректеп,
Жібермей тұр алысқа нарық қадам.
Артық кетсем атажан, кешір мені,
Көңілімді көргенсіз өсірмеді.
Жүрегімді жұлқынып жан-жағынан,
Қиыны, әумесердің есіргені.
Үш күннен соң көрге де үйренеді,
Дегеннен , әркімдер-ақ жиренеді.
Қабырғамды барады қайыстырып,
Қатарымның жылдан-жылға сирегені.
Біреуді бақ, біреуді сор таңдайды,
Сыбағаңа сыйласа ортаң қайғы.
Шым батқан шыңыраудан шығардық-ау,
Бұхар жырау, Дулат пен Шортанбайды.
Өмір менен өнерде өріс егіз,
Қызғаныштың қыртысы ерісе мұз.
Кей ақынды түсінбей тірісінде,
Өлеңімен өлген соң көрісеміз.
Еш қасиет қалмайды тайған арда,
Қолғабыстан тартынба пайдаң барда.
Ұзақ өмір несіне көксейді осы,
Жасамаған жүз жылды пайғамбар да.
Мендағы өз әлімше ұрандаймын,
Көз жұмсаң жаназаң мен Құран дайын.
Қаламағын құзғынша ғұмырды көп,
Онандағы мерт болғын қырандайын.
Көрінгеннен опа не сыртың ізгі,
Құртады ғой көбіне құлқын бізді.
Жерді басып, несіне тірі жүрміз,
Сүйе алмасақ намысты ұлтымызды.
Ортақ күнә өтті ғой жалпымыздан,
Бәзбіреулер атанды салтын бұзған.
Соның бәрін, кәнекей, жуып-шайып,
Аянбайық аяулы халқымыздан.
Шабыттансаң, шапқылап сөз барасың,
Былғамаса болды ғой өзге арасын.
Дәм-тұзыңның тартарын құдай білер,
Өзгермесін адамдық көзқарасың.
Той жасаса жастарға жақынымыз,
Ұлылықтың тілейміз ақылын біз.
Сол сәтте рухы оның ырза болып,
Бір аунап жатады ғой ақынымыз.
Жыр жолын сырлы сөздер құрамай ма,
Ал, маған сәуегейлік сірә қайда?
Ойлаңдаршы жамиғат, жетеді ме,
Мың ақынның өресі бір Абайға.
Қашаннан серігім де досым өлең,
Алдыңа жан сырымды тосып өлем.
Айналдым аруағыңнан, ақын атам,
Арнауды аяқтаймын осыменен.