Кербұлақ ауданында ірі инвестор 200 орындық колледж салуды жоспарлап отыр. «Шоғырландырылған құрылыс тау-кен компаниясы» ЖШС бұл бастаманы кадр тапшылығын болдырмау үшін қолға алмақ. Серіктестік қазіргі уақытта тауарлар қоймасының құрылысын бастады, онда қазір құрылыс-монтаждау, жаңғырту және инфрақұрылымдық жұмыстардың 1-ші кезеңі жүргізілуде. Бұл туралы бүгін Кербұлақ ауданының тұрғындарымен кездесуі барысында облыс әкімі Бейбіт Исабаев айтты, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыс басшысы жобаның маңыздылығын ескере отырып, кадр тапшылығын болдырмау мақсатында қажетті мамандар – геолог, тау-кен инженері, химик-зертханашы, тау-кен слесары, энергетик-байытушы, арнайы техника машинисі, маркшейдер, ауыр жүк машиналарының жүргізушісі  және т.б. тау-кен мамандарын  дайындау қажеттігін айтты.

– Бұл шара аудан тұрғындары арасында жұмыссыздық мәселесін шешуге, отбасы табысын арттыруға мүмкіндік береді. Осыған сәйкес Кербұлақ ауданы әкімдігі облыстық білім, жұмыспен қамту басқармаларымен бірлесіп аталған мамандықтарды оқытатын қысқа мерзімді курстар ұйымдастыру шараларын қарастырсын, – деді Б. Исабаев.

Жалпы «Шоғырландырылған құрылыс тау-кен компаниясы» ЖШС-ның инвестиция көлемі – 976 млрд. теңге. Жоба іске асырылғанда 2027 жылы 1300 жұмыс орны құрылады деп жоспарланып отыр.

Жалпы Кербұлақ ауданының өнеркәсіп өндіру көлемі жағынан облыстағы үлесі 10,1%. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша аудан 20,6% өсіммен 15,4 млрд. теңгенің өнімін өндірген. Ауданда 19 өнеркәсіп орны жұмыс істейді.  Биыл аумақта 40 жаңа жұмыс орнын құратын, жалпы құны 3,8 млрд. теңге болатын 3 жобаны іске асыру жоспарланған.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

By karatal

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *