Қазақстанның тағылымды тарихындағы толағай тұлға, әлемге танылған аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев 1993 жылғы 22 тамызда дүниеден өтті. Бүкіл еліміз «Димекең», «Димаш аға» деп ардақтаған алып азаматтың денесі 25 тамызда жер қойнына табысталды. Содан бері 30 жыл артта қалған екен.
Ғұлама данамыз, ұлы бабамыз Дінмұхамед Ахметұлының соның алдында ғана тұңғыш қазақ инженері, тарихшы, Алаш қайраткері Мұхаметжан Тынышпаевтың Сарқан ауданында өткен мерейтойына қатысып, аруағына тағзым етіп, маңдайы жарқырап, ерекше шабыттанып сөйлегенін естіп, көрген едік.
Амал қанша?! Артынша Алакөл жақтан елді есеңгіреткен суық хабар келіп жетті. Бұл қаралы хабар Жетісу жерінің, кең-байтақ Қазақстанның ғана емес, ТМД халқын да ауыр тиді. Алматыда жер қайыстырған халық аза тұтып, соңғы сапарға шығарып салды. Көп- ұлтты Қазақстан, қазақ даласы, казақ баласы бұрын-соңды мұндай ауыр қазаны көрмеген де шығар десек, әсірелеп айтқанымыз емес. Сөйтіп заманымыздың ұлы перзенті Д. Қонаев Кеңсай зиратына, сүйікті жары Зухра Шәріпқызының жанына жерленді.
Ұлы бабамыз Д. Қонаев өмір сүріп, еңбек еткен дәуір айтарлықтай күрделі, қайшылықтарға толы болды. Мәскеудің шешімінсіз республикаларда бірде-бір өндіріс орнын немесе көрнекті ғимарат тұрғызу мүмкін болмайтын. Ал Димаш Ахметұлы саясат арнасынан жол тауып, Бас хатшы Леонид Брежневпен арадағы оңтайлы қарым-қатынасты ұтымды пайдалана білді. Нәтижесінде Қазақстан одақ бойынша Ресей мен Украинадан соңғы 3-орынға көтерілді. Еліміз 1955 жылы Одақтас республикалар арасында 13-орында тұрған екен.
Бұдан шығатын қорытынды, еліміздің экономикасы, онымен тығыз байланысты өндірісі мен ауыл шаруашылығы, мәдениеті, ғылымы, білімі мен өнері жедел дамыды. Қайсы салада болсын іскер, жоғары білікті, Одаққа ғана емес, дүниежүзіне үлгі бола алатын кадрлар құрамы қалыптасты. Мұны өзіміздің облысымыздың қалалары мен аудандарының сәтті қадамдарынан да көріп, мерейіміз өсті, көңіліміз марқайды. Елу жылға жуық ел басқарған парасатты бабамыз, көрнекті ғалым Д. Қонаевтың өмірі мен қызметін өрнектеу үшін ондаған том кітап жазудың өзі жеткіліксіз болар еді. Осынау азаматтың 1936 жылы Қоңырат кенішінен басталған кішігірім басшылық қызметі 1986 жылдың соңына дейін ерен еңбекпен ұштасқанын айтып жеткізу асқан қабілетті талап етер еді.
Қазақстан Республикасы Д. Қонаевтың басшылығы жылдарында екі дүркін Ленин орденімен, «Халықтар достығы» және «Қазан Революциясы» ордендерімен, ал Талдықорған облысы (бүгінгі Жетісу) Ленин орденімен марапатталғанын білеміз. Қазақстандықтардың, соның қатарындағы Жетісу облысы еңбеккерлерінің маңдай тері, білек күші осылайша өз бағасын алды.
«Мен қанша биікке көтерілсем де халықтан төмен екенімді ұмытқаным жоқ», – деп жүрекжарды сырын жеткізген Дінмұхамед Қонаевтың жеке-дара еңбегі үш мәрте Социалистік Еңбек Ері атағына лайықты болды. Сонымен қатар сегіз рет Ленин, бір рет Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталды. Үлкен кісі Қоңырат кенішінде еңбек етіп жүргендегі тұңғыш марапаты – «Ерен еңбегі үшін» медалі екенін әңгіме барысында атап айтқан көрінеді.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің іссапарында Алматы облысына келіп, жұртшылықпен кездесуінде: «Жұртшылықтың өтінішіне сай қалаға Дінмұхамед Қонаев есімі берілді. Мұны шын мәнінде тарихи әділдіктің орнауы және халықтың ортақ қалауы деуге болады. Облыс орталығы мәртебесіне ие болған Қонаев қаласы енді тың қарқынмен дамитын болады», – дегені байтақ елімізге ғана емес, бауырлас, тату-тәтті көршілес мемлекеттерге, әлемге тарады. Нәтижесінде жер жүзі мұны Әділетті Қазақстан осындай болуы тиіс деп қолдады. Арада жылдар өтсе де дара тұлға, дана қайраткер Димаш ата Қонаевтың есімі ұмытылмай, өз халқымен бірге жасай бермек.
Болат БИСҰЛТАНҰЛЫ,
облыстық «Дінмұхамед Қонаев қоғамдық қоры»
төрағасының
орынбасары, баспасөз хатшысы