Қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі жандарға Қазақстан кедергісіз аймаққа айналу үшін айтарлықтай жұмыстар атқарлып жатыр. Әр мекемеде заманауи пандустар салынуда. Пандус саны жеткілікті болғанымен, зағип және есту қабілеті төмен жандардың кіріп-шығуына жағдай жасалды ма? Кембағал жандардың емін-еркін жүріп-тұруына мүмкіндік туғызатын бұл бастама облысымызда қалай жүзеге асырылуда? Осы сұрақтардың жауабын табу мақсатында жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы  және «IT-services & Education» жастар қоғамдық бірлестігі қала бойынша рейд жүргізді.

Алдымен комиссия мүшелері Талдықорғандағы Ушинский мектебіне бас сұқты. Кемшілік білім ордасының кіреберісінен басталды. Мұнда көру мүшесі зақымдалған жандарға автотұрақтан басталатын жүру жолағы мүлде салынбапты. Зағип жандарға арналған жүру жолы тек кіреберістегі есіктен басталады екен. Оның өзі кейбірі сынып, кейбіреуі жүк көлігі жүргеннен бе көтеріліп кеткен. Зағип жандар мұндай жолмен жүру мүмкін еместігін айтты. Мектеп ішіндегі жүру жолағындағы бұрылыстар да өте ыңғайсыз. Ал дәретханада қол жуған кезде таяқ іліп қоятын арнайы ілгек жоқ. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жан әжетханадан шыға алмай қалған жағдайда басатын дабыл батырмасына қол жетпейді. Аралау барысында арбадағы ғаріп жандар жауапты мамандарға кемшіліктерді түзету керектігін айтты.

– Мектептегі пандусты дұрыс жасаған. Баспалдақтағы зағип жандарға арналған жолақтар да өте жақсы қойылыпты. Бірақ, табалдырықтың алды 50 сантиметрдей бос болу керек. Ал мұнда жабысып тұр. Содан соң жүру жолағындағы бұрылыстармен жүру өте қиын. Көру мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жол рәзіңке болғандықтан бұрылу үшін қиып салуға болатын еді. Мен осы жолды салып жатқан мамандарға бұрылысты дұрыс салыңыздар деп жиі айтамын. Бірақ, көбі көзбояушылықпен істеп кетеді, – дейді «IT-services & Education» жастар қоғамдық бірлестігінің басшысы Қуаныш Қапанов.

Аралау барысында аталмыш білім ордасының қызметкерлері кемшіліктер түзетіліп, бұзылған жерлер жуық арада жөнделетінін айтты.

«Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандус, көру мүшесі зақымдалған жандарға арналған жүру жолағы 2021 жылы салынған. Тозығы жеткен жүру жолағын қайта жасап жатырмыз. 2-3 күнде бұзылған жерді орнына келтіреміз», – дейді мектептің шаруашылық жөніндегі орынбасары Қайырбек Қуанышбекұлы.

Осыдан кейін облыстық қан орталығына бардық. Мұнда «Work make» жеке кәсіпкерлігі пандус пен жүру жолағын салуды енді бастапты. Аталмыш кәсіпкерлік қызметкерлері жұмысты осы айдың соңына дейін аяқтаймыз дейді.

– Басқа жерде де пандустар салып жатқанымызға байланысты жұмысты кешеуілдеп бастадық. Бүгінде орталықта 8 адам жұмыс істеуде. Пандус пен зағип жандарға арналған жүру жолағын 27 тамызға дейін толық аяқтаймыз, – дейді Жанар Майбатаирова.

Жеке кәсіпкер айтқандай кешеуілдеп бастаған жұмыс 2-3 күнде аяқталуы мүмкін. Бірақ оның сапасы қандай болмақ? Пандустар қысқа мерзімде емес, ала жаздай салынса әлде қайда сапалы болар еді.

Айта кетейік, осыған дейін Талдықорғанда 187 әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына мониторинг жүргізілді. Оның ішінде мемлекеттік 131, кәсіпкерлік 56 ғимарат. Мемлекеттік мекеме бойынша 22 нысан ішінара бейімделген. Бейімдеуге жататын 51 мемлекеттік ғимаратқа мүгедектігі бар адамдардың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін «Жетісу облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» ММ-сі арқылы 152,4 млн. теңге қаржы бөлінген. Бүгінде қаржы бөлінген 32 нысан толық пандустармен қамтамасыз етілсе, қалған 19 нысан бойынша бейімдеу жұмыстары жүргізілуде. Кәсіпкерлік нысандар бойынша 6 ғимаратқа пандустар салынған, қалған 50 кәсіпкерлік нысандардың әкімшілігі қаражат қарастырлуда.

Ең сорақысы үлкен сауда орындарына бара қалсаңыз, есік алдындағы табалдырықтағы пандусты көріп жаға ұстайсыз. Көзбояушылықпен істеп қойған пандустан мүгедек түгілі сау адам әзер жүреді. Мемлекеттің бекітіп берген стандарттарын назарға алмай, пандусты өз бетінше жасай салған. Мұнымен қоса арнайы көру мүшесі зақымдалған жандарға арналған жүру жолағы мүлде салынбаған. Осыған орай 8 сауда үйіне тексеру жүргізілді. Тексеріс барысында «Шаған», «Еуразия», «Астана», «Қарағаш», «Альтаир», «ЦУМ», «ГУМ», «Дәулет» сауда үйлеріне жалпы сомасы 1 242 000 теңгеге көлемінде айыппұл салынды. Сондай-ақ, департаменттің қарауында «Мактуб», «Шолпан», «Асыл-Қазына» сауда үйлеріне, «Даму Қоры» КҚКО, «Grand Holl» жиһаз дүкеніне ескерту берілді. Департамент тарапынан кемшіліктер орындалмаған жағдайда, қолданыстағы Кәсіпкерлік кодекске сәйкес 3 айдан кейін қосарланған айыппұл салынады.

Рейд барысында мүгедектерге арналған құрылғылар қаламызда пайдалану үшін емес, бар деп белгілеу үшін ғана жасалады-ау деген әсерде қалдық. Кедергісіз орта бұл тек пандус қана емес, оның артында адамдардың тағдыры тұр. Олай болса, кедергісіз келешек тудыру сіз бен біздің қолымызда. Қоғамдық жерлерде пандус қызметі жайлы болса, мүгедек жандар қоғамда өздерін жақсы сезінері анық.

                                                                                                                                                                  Айдар ҚАЛИЕВ

By karatal

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *