Ұстаз! Осы бір сөздің өзінде қаншама мән-мағына, қасиетті ұғым жатыр. Ұстаз алдынан өтпейтін ешкім жоқ. Жүрексіз өмір болмаса, мұғалімсіз білімнің, тәрбиенің іске аспайтыны белгілі. Небір данышпан адамдар, қарапайым еңбеккерлер, тіпті арман қуған жеткіншектер де бәрі бір ұстазға қарыздар емес пе? Ұстаз – жас ұрпақтың рухани сәулеткері, халық өзінің үміті мол болашағын тапсыратын сенімді өкілі. Олар сол сенімді ақтай отырып, зерделі де зерек, парасатты, ұлттық және адамзаттық құндылықтарды бойына дарытқан тұлғаларды тәрбиелейді. Сондай ұстаздың бірі – Шұға Есенжолованы мақтанышпен айта аламын. Шұға апай – жүрегі гармония мен үйлесімділікке толы ұстаз.
Шұға Ғабдұлкәкімқызы өзінің 26 жылдық ұстаздық жолында қаншама шәкірттерін аудандық, облыстық, республикалық жарыстарға дайындап, шәкірттері жүлделі орындарға ие болып жүр. Соңғы жетістіктерін атап айтсақ, «Зерде» оқушылар ғылыми жоба байқауында Ақерке Серғазы 3-орын иеленді, Зарина Серік 1-орын иеленді. Қазақ тілі пән олимпиадасында 2-орынға Асылай Аман қол жеткізді. Сонымен қатар «Әбіш Кекілбаев оқуларында Аяулым Амангельдинова 1-орын иеленді. Аудандық «Абай оқуы-2021» байқауында Ариаш Шералиева 1-орын иеленіп, облыстық байқаудан 1-орын жеңіп алып, Республикалық «Абай оқуы -2022» байқауына жолдама алды. Ұрпаққа тәрбие беру, білім нәрімен сусындату – екінің бірінің қолынан да келе бермейді. Сондықтан, ұстаз болу – жүректің батырлығы деп бағалауға болады. Шұға апай мектеп тренері .Ұстаздар ұжымына әдістемелік көмегін беріп отырады, аудандық, облыстық жарыстарға белсене қатысады.
Шұға апай тек ұстаз ғана емес, өз отбасының мәуелі бәйтерегі, мейірімді ана.Тұла бойы тұңғышы Әлішер Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетін қызыл дипломмен тәмамдап, қазіргі танда магистрант және жас ғалым. Қызы – Аружан, студент.
«Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі оқушының болашақ азығы. Ендеше Шұға Ғабдұлкәкімқызы сынды жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған әр шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, болашақ жолдарда бағытынан таймасы анық.
Айнаш МАЛИБЕКОВА,
№13 орта мектебі жанындағы интернатымен КММ-нің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі