Көксу ауданындағы «Көксу» қант зауыты биылғы маусымның алғашқы қант қызылшасын қабылдап, өз жұмысын бастады. Көксу ауданының әкімі Марлен Көлбаев пен зауыт директоры Алтынбек Абатов жаңа жұмыс маусымына сәттілік тіледі. Биыл Жетісу облысының шаруалары 200 мың тоннадан астам қант қызылшасын өткізуді жоспарлап отыр. Өнімнің алғашқы легін «Көксу» қант зауыты қабылдауда.
- Бүгінде зауытта 380 адам жұмыс істейді, қосымша 100-ге жуық қызметкер қабылданатын болады. Көксу, Қаратал аудандары мен Қонаев қаласының шаруалары тәтті түбірдің алғашқы легін жеткізді. Келген көліктердің кептелісі болмас үшін арнайы кезекшілер ұйымдастырылып, көліктер екі жолмен қабылдануда. Шаруа адамдары 200 мың тоннадан астам қант қызылшасын өткізуді жоспарлауда. Ол үшін барлығын дайындап қойдық. Қазан айынан бастап тәтті түбірді өңдеуді бастаймыз, – дейді «Көксу» қант зауытының директоры Алтынбек Абатов.