Жуырда Алакөл ауданында халықпен кездесу өткізген облыс әкімі Бейбіт Исабаев өңірдің өзекті мәселелерін көппен бірге талқылап, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.

Облыс әкімі баяндамасында Алакөл ауданының басымдық беретін салаларына ерекше тоқталып, халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстарды саралады. Мәселен, ауданда ауыл шаруашылығы дақылдарының егістігі 85 мың гектар болды, облыста 3-ші орында. Майлы дақылдар алқабы 27 мың гектарды немесе жалпы облыстық егістіктің 28% – ын құрады. Ақсу қант зауытының қайта жаңғыртылуына және Көксу қант зауытының шалғай орналасуына байланысты биыл ауданда қант қызылшасы себілмеген. Келесі жылы ауданда осы дақылды 500 гектар жерге егу жоспарланып отыр. Дегенмен алқаптарды суару әлі де маңызды мәселе болып қалуда. Су Тентек және Жаманты өзендерінен «Левобережный», ВМК-2, ВМК-4 каналдары арқылы беріледі. Осы жылы өткізу қабілетін жақсарту мақсатында 36,8 шақырым каналды механикалық тазарту және 55 текше метр көлемінде бетон жұмыстары жүзеге асырылды.

Сол сияқты облыс әкімі сүт, ет, майлы дақылдарды қайта өндеу мәселесін қолға алу қажеттігіне тоқталды. Ауданда балық шаруашылығын өркендетуге мүмкіндік мол. Мұнда 9 балық шаруашылығы тіркелген, 2 балық өңдеу кәсіпорны мен 2 цех бар. Дегенмен «Болашақ Бастау» компаниясы 5,2%  ғана өнім жөнелткен, өткен 8 айда кәсіпорын балық аулауға арналған учаскелердің болмауына байланысты небәрі 162 тонна өнім өндірген. Алакөл өңірінде  балық өнімдерінен басқа сүйек ұны шығарылады, оның негізінде болашақта құрама жем шығару жоспарлануда. Осы орайда Бейбіт Исабаев Президенттің тапсырмасына сәйкес ауданға қант қызылшасы егістігін қалпына келтіру, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыру, тоқтап тұрған кәсіпорындардың жұмысын қайта жүргізу және өндіріс көлемін ұлғайту шараларын қабылдауды тапсырды.

Бір қынжылтарлығы, ауданда инвестиция көлемі азайған, мәселен, 8 айда барлығы 26,4 млрд. теңге инвестиция тартылды, бұл өткен жылдың деңгейінен 17% – ға төмен. Инвестициялық портфельге сәйкес 2025 жылға дейін 843 жұмыс орнын құра отырып, жалпы сомасы 83,5 млрд. теңгеге 20 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Биыл кәсіпкерлікті дамыту Ұлттық жобасы шеңберінде 530 млн. теңгеге 19 жоба қаржыландырылды. Алайда жыл басынан бірде-бір жоба іске асырылмаған. Бейбіт Исабаев осы бағыттағы жұмыстарды ширатуды тапсырды.

Облыс әкімі өз сөзінде туризмді дамыту, халықты тұрғын үймен қамту, сапалы су жеткізу, алдағы уақыттағы газдандыру жоспары, жол жөндеу мәселелеріне де тоқталды.

– Аудан жолдарының сапасын жақсарту үшін биыл бір млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді, оның ішінде күрделі жөндеуге – 474 млн. теңге, орташа – 521 млн. теңге, ағымдағы жөндеуге және ұстауға 30 млн. теңгеге жуық қаражат қарастырылды, – деді ол.

Сол сияқты 5 ауыл мен Үшарал қаласында 19,4 шақырым жол жөнделеді. Соның нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 38%-ға жетеді. Сонымен қатар бүгінгі таңда облыстық маңызы бар «Алматы-Өскемен-Арқарлы» автомобиль жолын орташа жөндеуге 1,2 млрд. теңгеге техникалық құжаттама әзірленді. Жол жөндеу жұмыстары 2023 жылы басталады. Облыстық маңызы бар «Қабанбай-Лепсі, Үшқайың (Бибіқан) ауылына кіреберіс» автомобиль жолын орташа жөндеуге 700 мың теңгеге техникалық құжаттама әзірленуде. Құжат осы жылдың соңында дайын болуы тиіс. Бұдан бөлек «Қабанбай-Көктұма» және «Қабанбай-Лепсі» бағыттары бойынша 3 көпірдің құрылысы жүргізілуде. Осы жылдың соңына дейін екі көпір салынып бітеді.

Әлеуметтік салаға келетін болсақ, Теректі орта мектебі күрделі жөндеуден кейін іске қосылмақ. Үш ауысымда оқытуды болдырмау үшін «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында Достық ауылында 600 орындық мектеп салуға ЖСҚ әзірленді, құрылысына республикадан қаржы бөлінеді.

Денсаулық сақтау саласында жылдың соңына дейін Жыланды және Еңбекші ауылдарында блокты-модульді медициналық пункт орнатылады. Бұл мәселе алдыңғы кездесуде көтерілген болатын. Сондай-ақ «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдары Көлбай, Қайнар, Екпінді, Жайпақ, Сапақ, Үшбұлақ, Ақжар ауылдарында фельдшерлік-акушерлік пункттер және Қызылқайың ауылында дәрігерлік амбулатория салу жоспарлануда. Халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету үшін дәрігер тапшылығы мәселесін шешу қажет. Ауданда 16 дәрігер тапшылығы бар.

Екі сағатқа созылған кездесуде тұрғындар көптеген мәселелерді көтерді. Соның бірі – суармалы судың жетіспеушілігін болдырмау үшін Жаманты өзенінде су қоймасын салу қажет. Бұл 2 мың га суармалы жерді айналымға енгізуге мүмкіндік береді. Сол сияқты 9 ауылдық округті суармалы сумен қамтып отырған Ынталы ауылындағы плотина жөндеуді қажет етеді. Судың бетон астына кетіп жатқаны көрер көзге байқалып тұр. Аудан әкімі Алмас Әбдинов су қоймасының құрылысы туралы мәселеге байланысты ТЭН жасауға қажетті қаржыға өтінім берілгенін айтты. Плотинаға келсек, түбегейлі шешім қабылдау үшін сүңгуірлерді тарта отырып, көпфакторлы зерттеу жүргізу қажет. Зерттеу қорытындысын алу қазан айына барады, содан кейін ғана қандай да бір нақты жауап айтуға болады деді аудан әкімі.

Достық бекетінің тұрғынын оқушылардың мектепке жету жайы толғандырады. Ол балалар мектепке бару үшін темір жолдан өтетіндерін,  сондықтан қауіпсіздік үшін жаяу жүргінші өткелін салуды сұрады. Аудан әкімінің айтуынша, «Қазақстан темір жолы» компаниясымен арада мұндай келісім болған, бірақ мәселенің шешімі ұзаққа созылып кеткен. Облыс басшысы ұлттық компания өкілдерімен тез арада жолығып, бұл мәселенің шешімін бірлесіп қарастыруды тапсырды.

Қабанбай ауылының тұрғыны ауылдық мәдениет үйінің хал-ахуалына алаңдаушылық білдірді. Сырты жылтырап тұрғанмен жылытуында мәселе бар дейді: «Ғимараттың іші қыста суық, онда 24 үйірме жұмыс істейді. Жертөлесін де жөндеу керек», – деді тұрғын. Белгілі болғандай, 2 апатты қазандықты ауыстыру қажет екен, өтінім берілген, бюджеттен қаржы бөлінуін күтіп отыр. Жертөлені жөндеу мәселесі зерделеніп қаралатын болады. Тұрғындар ауылдық ауруханаға жаңа жедел жәрдем көлігі керек екенін де жеткізді. Облыс басшысының айтуынша, желтоқсанда ауданға Үшарал қаласы мен Қабанбай ауылындағы ауруханаларға 2 арнайы көлік берілетін болады.

Бескөл ауылдық округінің тұрғыны 520 бала оқитын орта мектепте су ішуге болатын бір ғана раковина бар екенін айтты, ал мектеп ішінде дәретхана жоқ. Бейбіт Исабаев жауапты адамдарға мектепке барып, жағдайды көзімен көріп білуді тапсырды. Облыстық білім басқармасының басшысы Айжан Адамбекованың айтуынша, тексеру барысында мектепте ішкі дәретхана бар, жұмыс істеп тұрғаны анықталған. Сол сияқты мектеп дәлізіне алдағы уақытта суға арналған диспенсер қойылады, қазір олар тек кабинеттерде тұр.

Аудан тұрғындары жалпы саны 30-дан астам сұрақ қойды. Олар негізінен әлеуметтік нысандар құрылысы, жас мамандарға мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана беру, жол жөндеу, қоғамдық көлік бағытын ұзарту, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын тұрақтандыру, сапалы ауыз сумен қамту туралы болды.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

By karatal

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *