Атбасарда 127 үй мен 1 мектеп суға кетті

Су тасқыны. Есіл арнасынан тасып жатыр...

Төтенше жағдайлар министрлігінің бүгінгі мәліметінше, су тасқынынан азаматтық қорғау қызметтері 99 869 адамды, оның ішінде 36 591 баланы эвакуациялады. Уақытша орналастыру пункттерінде 6 586 адам, оның ішінде 3 197 бала орналастырылды. Барлығы 9 млн м3 еріген қар суы сорылып, 1,6 млн астам қапшық және 1,2 млн тонна инертті материал төселді. 3052 тұрғын үй мен 1 935 аула аумағынан суды бұрған.

Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Нұржан Төлеуіштің айтуынша, қазір Батыс Қазақстан облысында Жайық өзені қауіпті деңгейге жеткен. Ресейдің Орынбор облысымен шекарадағы Жарсуат ауылында қауіпті меже 945 сантиметр болса, су кешелі бері 995 сантиметрге көтерілген. Бірнеше үй суға кеткен.

– Бөрлі ауданына қарасты 9 ауыл Жайықтың бойында орналасқан. Қазір ол елді мекендердегі ахуалы бақылауға алынған. Кезекшілік қойылып, күндіз-түні дамбылар тоқтаусыз нығайтылып жатыр. Судың деңгейін есептейтін 6 құрал орнатылды. Күнделікті мониторинг жасалып отыр. Казгидромет және Орынбор облысының төтенше жағдай министрлігімен күнбе-күн байланысып, мәліметті алып отырмыз. Қазір ол жақтан келе жатқан су көлемі 770 текше метрге дейін жетеді. Сондықтан Жайықтың су деңгейі әлі де көтеріледі деп күтілуде. Ал Шаған өзенінің қазіргі деңгейі 3 метрге түскен, – дейді Нұржан Төлеуіш.

Оған қоса, Солтүстік Қазақстан облысы Петропавлда жағдайы ушығып тұр. Есіл өзенінің деңгейі көтерілуінен қала шетіндегі Заречный кентін су алуы мүмкін. Елді мекенде мыңға жуық адам тұрады. Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті ақпараттық-аналитикалық тобының бас маманы Жазира Қожахметова да ахуалдың қиындағанын  айтты.

– Әлі де қауіп бар. Есіл өзенінің суы көтеріліп, қатты екпінмен қалаға қарай келе жатыр. Ол жақта су тасығаннан бері 660 мыңға жуық текше метр су сорылып, 250 мыңнан астам метр арық тазаланды. 167 мыңнан астап қап, инерттік материалда дайындалып, төселді. 166 шақырымнан астам арналар кеңейтіліп, тереңдетіліп жатыр. Сергеев су қоймасы 176 пайызға толды. Су бөгет шыңынан 3 метр 95 сантиметрден асты. Соңғы тәулікте бұл көрсеткіш еш өзгермеді. 1922 адам, оның 489 бала қауіпсіз жерге көшірілді. Ірі қара малға дейін қауіпсіз жерге жеткізілді, – деді бас маман Жазира Қожахметова.

Ақмола облысының Атбасар, Жарқайың, Есіл деген үш ауданында төтенше жағдай жарияланды.  Оған жергілікті Жаныспай, Жабай, Есіл, Қызылсу өзендерінде су деңгейінің көтерілуі себеп. Қазір тұрғындар эвакуацияланып, төрт түлік қауіпсіз аймаққа айдалды. Өңірде 2 млн текше метр су сорылып, 150 мыңнан астам құм қапшықтарынан бөгеттер салынды. Тасқынның алдын алу үшін жалпы ұзындығы 200 км болатын каналдар мен арықтар тереңдетілді.

Бұл туралы Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов біздің арнаға берген сұхбатында айтты. Соңғы дерек бойынша 100 ден астам үй мен бір мектепті су басқан. Қарғын судың қарқыны қатты. Сондықтан әлі 200 үй мен 2 мектепке қауіп төндіріп отыр.

–  Ақмола облысы Атбасар ауданында жағдай өте мүшкіл. Күннің жылуынан қар еріп, су көтеріліп, алты жерден су арнасын бұзып өтті. Салдарынан 127 үй мен 1 орта мектеп суға кетті. Кеше таңғы сағат 4-терде аймақта төтенше жағдай жарияланды. Қазір 400-ге жуық жеке құрам мен техника судың алдын алу үшін жұмыс атқарып жатыр. Оған мемлекеттік қызметкерлер де, бизнес өкілдері де, ауыл тұрғындары мен волонтерлер де атсалысып жатыр. Қаланың өзінде қар болмағанымен солтүстік өңіріндегі Атбасар, Сандықта әлі қыс мезгіліндей қар әлі бар, – дейді Ақмола облысы мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бастығы Ұлан Бейсембаев.

Атырау қаласының Дамбы селолық округіне қарасты №100, №101, №102, №103 участоктерде жаға бекіту және бөгеттерді биіктету жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрберген Құсайыновтың айтуынша, бұған мемлекеттік органдармен бірге, тұрғындар жұмыла атқарған.

– Бөгеттің ұзындығы 4,5 шақырым болса, қазір оның 2 шақырымға жуығы жасалды. Біздің тараптан арнайы техникалармен қамтамасыз етіп, топырақтың үстіне қосымша төсеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Тұрғындар  арнайы қапшықтарға топырақ толтырып, қосымша бөгет салуда, – деді Н.Құсайынов.

Дамбы ауылында су тасқынының алдын алуға 400-ден астам ерікті жұмылдырылған екен.

By karatal

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *