📌Халықаралық Жастар күніне орай Талдықорған қаласында облыс әкімінің жыл сайынғы «Көшбасшы-2024» жастар сыйлығының иегерлері марапатталып, «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасының жеңімпаздарына гранттар табысталды. Грант түрінде 10 жастың жаңа бизнес-идеялары қолдау тапты. Осы күні «Жастар» саябағында өткен мерекелік іс-шара өңірдің түкпір-түкпірінен өздерін түрлі салаларда танытып жүрген дарынды және креативті жастардың басын қосты.
Кездесуде сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов жеңімпаздарды облыс әкімінің атынан құттықтап, өңірдегі жастарды қолдау шараларына тоқталды.
Бұл ретте жаңа бизнес-идеялар мен бастамаларды қолдауға бағытталған «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасын ерекше атап өтуге болады. Оны жүзеге асыруға облыстық бюджеттен жыл сайын әр жобаға 3 млн. теңгеден жалпы сомасы 30 млн. теңге бөлінеді. Ал биыл жастардың арасынан тағы 10 адам грантқа ие болды, солардың бірі Қаратал ауданынан Айнұр Какеева «балаларды түзету және дамыту орталығы» жобасы бойынша грант иеленді.
Марапатталушылар атынан сөз алған Қаратал орталық аудандық ауруханасының хирургия бөлімшесінің меңгерушісі, «Медицина саласындағы үздік жас көшбасшы» номинациясының иегері Арман Әбділдинов өздеріне көрсетілген қолдау үшін алғыс айта келе:
– Қазіргі таңда білім алған жастар үлкен қалалардан жұмыс табуға тырысады. Бірақ жас мамандар шалғай ауылдар мен аудандарға өте қажет. Мен өзім Семейде білім алып, Оңтүстік Кореяда лапароскопиялық хирургия бойынша 4 айлық курсты бітіріп, сонда қалып, жұмыс істеуге мүмкіндік алғандықтан, бар жинаған білімім мен тәжірибемді туған өлке тұрғындарының игілігіне жұмсауды жөн көрдім. Қаратал ауданында хирург болып жұмыс істеп жатқаныма 7 жыл болды. Қолымнан келгенді аянбаймын, ем жасаймын, үнемі біліктілігімді арттырып отырамын. Бүгінгі марапат мен үшін жағымды тосын сый болды, – деді ол.
Іс-шара мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасты.