ӨМІРГЕ КЕЛГЕНІҢЕ ӨКІНБЕ СЕН!
Иә, өткен заманда дәл осындай тақырыпта тамаша бір ән бар еді. Жастар да, үлкендер де тыңдаудан жалықпайтын. Сөзінің мәнін біреу түсініп, біреу түсінбейтін-ді. Қазақ бір қозы туса бір түп жусан артық өседі дейді. Ол адам несібесіз тумайды деген сөз. Солай да шығар. Бірақ мына жаңа нарық билеген қарбалас заманда өмірдің өгей ұлындай қоғамға қажетсіз адамдар табылып жатыр ғой. Оны қалай түсіндік?
Бұл сұраққа өмірге құштарлық танытса да, өзінің сүйікті жұмысына орналаса алмаған, достары кезінде «Жігіттің Сұлтаны» деп атаған Айдос жауап таба алмады. Ол жолының неғып байланып қалғанын да ұқпады. Тоқсаныншы жылдары Айдосты Үштөбе қаласына уыздай жасөспірім іздеп келсін. Өзі сұлу, өзі ұзын бойлы, көзі оттай жанып тұр.
– Көке, – деді ол. – Мамам сізбен таныс деп еді. Соның сәті енді түсті. Әуелі мешітке жүріңізші, құран оқытайық, әруақтарға, – дейді.
– Сен кімсің?
– Мен… Мен сіздің туысқаныңызбын, көке. Маған дұрыстап қараңызшы, көке.
Қарады. Аумаған өзі. Жап-жас Айдос тұр алдында. Бұл не жұмбақ?
Үштөбе қаласының орталығында қараталдық бес кәсіпкер салдырған тамаша мешіт бар. Соған барып екеуі Қараталдың әулиелеріне бағыштап құран оқытты.
– Сен кімсің, қалқам?, – деді Айдос.
– Мен сізбен бірге оқыған Айнұрдың баласымын. Мамам Шымкентте қызмет жасайды. Мен атамның қолында өстім. Танысқаныма қуаныштымын. Мама менің әкемді «Жігіттің Сұлтаны» деп еді. Өмірден сондай адам таппадым деп тұрмысқа да шықпады.
– Сіз жоғары білімді мамансыз ғой. Қайда жұмыс жасайсыз, көке?
– Жұмыссызбын.
– Қалай?
– Иә, балам, солай. Кешір мені, Айнұрға бұл щындықты айта көрмеші? – дейді.
– Жарайды, маған батаңызды беріп, тілекші болыңызшы, – деп жасөспірім басын иіп тағзым етеді. Екеуі орталық саябаққа барып күнұзақ сырласады. Үйіне де апара алмай, кешкілік Шымкентке қайтатын поезды күтеді. Кетерде:
– Көріскенше қош болыңыз, көке! Ал мен сіздің туған ұлыңыз Арманмын, – деп жасөспірім Айдосты құшақтап жыласын кеп.
Айнұр екеуі Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институтта бірге оқыған еді. Талай түнді жұлдызды аспан мен жарық Айды тамашалап өткізген еді. Болашақ өміріміз осы түндей нұрлы болады деп сенген еді. Екеуі айқайлап тұрып ғарышқа ондағы шаранасы толған айға да армандарын жеткізген еді.
– Ей, жарық Ай, мен әуелі әскери борышымды өтеймін. Сонан соң ішкі істер бөліміне қызметке тұрамын. Сонан соң сырттай жоғарғы оқу орнына түсіп, болашақта милиция болып, қоғамдағы қылмыспен күресемін, – деген Айдос.
– Ал мен диплом алып, еңбек жолымды ұстаз болып бастаймын, – деген Айнұр.
Содан кейін заман да өзгерді. 1991 жылы КСРО ыдырап, тарап, ТМД елдері болып азаттық алды. Қазақ Елі де Тәуелсіздік алып, нарықтық экономика үстемдік құрды. Қоғамдық құрылыс өзгеріп, дүниенің астаң-кестеңі шықты. Байтал түгілі бас қайғы болды ма? Айнұр екеуі бір-бірімен кездесе де алмады. Қыздың Айдосқа хаттары да сиреп, кейін мүлдем тоқтаған болатын. Басқа жігітке ғашық болып, ұмытқан шығар деп Айдос әскерден Атамекені – Қаратал өлкесіне келіп, Айман деген қызға үйленіп алған еді.
Ойлап тұрса, Айманға қосылып, үш ұлдың әкесі болғаннан басқа Айдостың бірде-бір мақсаты жүзеге аспаған екен. Ішкі істер бөліміне қызметке де тұра алмады. Отбасы мен ошақ қасына масыл болып байланды да қалды. Ал Айнұр махаббатының өзінен ай тұлғалы, күн сыпатты тамаша ұл туып, өзін әлі күтіп жүргенін естігенде, өзіне қатты ұқсаған баласын көргенде тіпті күйзеліп кетті. Өз жағдайына қатты қорланды.
Жаратушы бар болса, «Жазмыштан озмыш жоқ» дегендей мұның несібесі қайда? Рас, ата-анасы – дәулетті адамдар. Айдостан ештеңе аямады. Үйлендірді. Баспана сатып әперді. Казиноға күзетке жұмысқа тұрғызды да. Жаны қаламаған істен өзі бас тартқан. Сөйтсе де күнделікті азық-түлігін тасымалдап тұрды. Бірақ кәсіпкер әке де, ұстаз шешенің де жар құлағы жастыққа тимесе де Айдосқа ешбір жұмыстың орайы келмеді.
Атадан алтау, анадан жетеу жалғыздық көрер жерім жоқ деп Абай атамыз айтқандай жалғыз да емес, туған бауыры да, қарындасы да бар. Бірақ отағасы болып, отбасын өз табысымен асырай алмаған соң тағдырға не шара! Бәрі де Айдосқа аянышпен қарайтын болды. Тіпті жан-жары Айманы да:
- Әке болып, бала-шағаңды асырай алмасаң несіне үйлендің? Қашанға дейін әкең мен шешеңе алақан жайып отырамыз? – деп, балаларын жетелеп, төркініне кетті де қалды. Қалтасында көк тиыны жоқ балаларына да бара алмайды. Бірде ұлдарына кездесуге барғанда ата-енесі «Масыл неме» деп таяқтап қуып шықты.
Кең сарайдай үйінде жалғыз тұра да алмады. Бұрыш-бұрышынан Айманының сығалап тұрғандай. Өмірден өз орнын таба алмағанына өзегі өртеніп, ішкілікке салынды. Жан күйзелісінен бәрібір құтыла алмады. Сөйтіп жүрегі шаншитын болған. Мысқалдап басталған дерт батпандап бойына еніп алды. Үмітін үзбей бірде жұмыспен қамту орталығына жазылды.
– Көше сыпырасың, күл-қоқыс тазалайсың. – дейді алтын көзілдірікті бастық.
– Тазаламаймын, – деді Айдос ашуланып.
– Одан басқа жұмыс жоқ , – деді бастық.
Сөйтіп қоғамның жеке адамның тағдырында шаруасы жоқ екенін де, өзі қалаған жұмысты тауып бере алмайтынын да түсініп, түңіліп жүргенде Арманның іздеп келгені ашық күнде найзағай ойнағандай еді. Үштөбе станциясында поезд күтіп отырғанда ұлы Арман әкесін құшақтап, тағы жылады. Ал «бомж» әке жолына бір тиын қаржы да бере алмады.
«Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық, аздырар адам баласын» деп Абай айтқандай, жан дауасын іздеп, біраз сергімек болып, достарын іздеп көрші ауылға барған еді. Түн жарымында Үштөбеге баратын кер жолға шыққан. Ауылдың ортасынан өтетін тас жолда такси күтті. Жігітті ешкім алмады. Шарасыздықтан шаршап, жүрегі сыздап, жол жағасындағы зәулім терекке арқа сүйеп отыра кетті. Арақ кімді аясын. Артық ішілсе уу емес пе? Баласының алдындағы мына дәрменсіздіктен тынысы тарылып, көзі жұмыла берді. Оның мәңгілік ұйқы – өлім екенін білмей де қалды.
Мен ойлаймын, жастардың арманына жете алмай, өз мамандығы бойынша еңбек ете алмауы, ақша табу үшін қара жұмысқа жанын жалдап, қиналғаны өте қауіпті құбылыс. 2022 жылы 5 қаңтарда Алматы қаласында жастарды көшеге айдап шығып, дүлей күшке айналдырып, ақылға сыймайтын әрекеттерге айдаған осындай рухани дағдарыс қой. Енді Алладан «қасіретті қаңтардың» қайталанбауын тілейік. Жастарға айтарым: ӨМІРГЕ КЕЛГЕНІҢЕ ӨКІНБЕ СЕН! ТӘҢІРДІҢ ҒАЖАП СЫЙЫ – ЖАЛЫНДАҒАН ЖАС ӨМІРІҢ ЕМЕС ПЕ?!
Мәкен ӨСЕРБАЕВА,
Қазақстанның Құрметті журналисі.