Мешіт – Алланың үйі. Оны салудан асқан бақыт бар ма?! Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) Алла үйін тұрғызған адам үшін жәннатта сарай салынатынын өсиет етіп, сүйіншілеген. Біздің ауданымыздың орталығындағы Балпық би мешіті 1997 жылы құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Бұл Алланың үйі ұзақ жылдар халықты имандылыққа шақырған құтты орын екені көпшілікке мәлім. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Алла Тағаланың мешіттерін тек Аллаға және ақырет күніне иман еткен, намаз оқыған, зекетін берген және Алладан басқа ешкімнен қорықпайтындар ғана салады», – дейді. Біздің мешітті де бір Алланың разылығы үшін осы ауданымыздың әрбір дінімізге жанашыр азаматтардың қаражатына салынғанына да 25-26 жылдар болды. Қазіргі күні осы мешітімізге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу керектігін айтып, бастама көтерген бауырлар көп. Дегенмен бұл ердің ерік-жігер күшімен ғана емес, ең бастысы елдің береке-бірлігімен бітетін игілікті іс. Сондықтан осы елдің көркеюіне, халқымыздың діни және рухани дамуына барлығыңыз үлес қоссаңыздар. Мешітімізді барлық талаптарға сай етіп, сәулеті мен салтанатын келістіріп Алланың жердегі үйі атанған ғимаратты толық қайта жөндеуге және де мешіт ауласынан елдің игілігіне пайдалануға ас беретін қатымхана салу жұмыстарына мүмкіндігімізше қол ұшын беріп, сауапты амалға бірге атсалысайық ағайын!
Еділбек ЕРІМБЕТ,
Балпық би мешітінің имамы