28 маусым – бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні Алакөл ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залына журналистер қауымы жиналды. Оларды аудан әкімінің орынбасары Мәулен Төлеужанов қабылдап, қалам ұстаған қауымды төл мерекелерімен құттықтады.
«Халықтың тіршілігінен, әлеуметтік әл-ауқатынан, руханияты мен қоғам тынысынан хабар тарататын қалам иелерін кәсіби мерекелерімен құттықтаймын! Осы орайда 1935 жылдың қазан айынан «Колхоз туы» деген атпен бастау алған бүгінгі «Алакөл» қоғамдық саяси газеті аудан экономикасының дамуына үлес қосып, жұртшылықтың тыныс-тіршілігі мен мұң-мұқтажын жан-жақты хабардар етіп, аудан жаңалықтарын дер кезінде жеткізіп, жемісті еңбек етіп, ел алғысына бөленуде. Осы салада абыройлы қызмет етіп, өз қолтаңбасын қалдырған Василий Воробьев ағамызды ерекше атауға болады. Сондай-ақ, жергілікті басылымда 35 жылдан бері басшылық етіп, газетіміздің шарықтап дамуына өзіндік үлесін қосқан Азат Жақыпбековтың еңбегі зор. Бүгінде 4500 оқырманы бар басылымның мән мағыналы болуына ұшқыр ойларымен, қарымды қаламдарымен халықты ақпаратпен уақытылы қамтамасыз етіп жүрген Алмат Есенбеков, Шынар Нүкебаева, басылымның жарқырап шығуына үлкен септігін тигізіп отырған баспахана директоры Ардақ Ысқақов еңбектерін жоғары бағалауымыз керек», – деді Мәулен Төлеубекұлы.
Жиын барысында ақпарат саласының бірқатар майталмандары марапатталды. Атап айтқанда, «Alakol TV» телестудиясының режиссері Нұрбақыт Хусинов және «Алакөл» газеті бас редакторының орынбасары Шынар Нүкебаева аудан әкімінің Құрмет грамотасын алды. Сонымен қатар Марал Нұрқасымова, Қарлығаш Еркін сынды журналистер алғыс хат иеленді.
Алакөлде БАҚ саласы жылдан жылға дамып келеді. 2019 жылы аудан орталығы Үшарал қаласында «Alakol TV» телестудиясы ашылды. Бұл телестудия заманауи түсірілім құралдарымен жабдықталған. Бүгінге дейін біршама бейнероликтер мен деректі фильмдер, жаңалық сюжеттерін түсіріп, қалың көрермен жинады. Ашылғанына 3 жыл ғана болса да телестудия ұжымы талай жетістікке жетті. Мәселен, облыстық «Экстремизмге жол жоқ» әлеуметтік бейнероликтер байқауында үздіктер қатарынан көрініп, үшінші орын иеленген. «Alakol TV» телестудиясының режиссері Нұрбақыт Хусинов: – Біздің мақсатымыз – Алакөл ауданының медиа саласына үлес қосу, аудан тарихын, мәдениетін, спортын насихаттау. Осы бағытта бірнеше жобаларымыз да бар. Туризмді дамытуға да септігімізді тигізіп жатырмыз. Біз көбіне сапаға көңіл бөлеміз. Өйткені, көрерменге, аудиторияға сапалы, пайдалы контент ұсынғымыз келеді. Біздің жобаларымыздың сапасы телеөнімдердің сапасынан кем түспейді. Оған қоса үнемі медианың жаңа трендтеріне ілесіп отыруға тырысамыз. Түсірілім құралдарымыз да соған лайықталған. Сондықтан «Alakol TV» – біздің өңірдегі БАҚ саласының маңызды бөлшегіне айналды деп мақтанышпен айтуға болады.
БАҚ қызметкерлерінің қоғам алдындағы беделі қай кезде де жоғары. Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлы «Қай жұрттың баспасөзі мықты болса, сол елдің өзі де күшті» деген еді. Сондықтан қалам ұстаған қауымға деген құрмет ешқашан толастамақ емес.