Алакөл ауданының тумасы, кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы британиялық Дензел Бентлиді (17-1-1, 14 КО) жеңіп, әлем чемпионы атағын қорғады. Бұл оның кәсіпқой бокстағы он үшінші жеңісі.

Жекпе-жек он екі раундқа созылды. Қос боксшы тартысты бәсеке өткізді. Бір-біріне дүркін-дүркін соққы жұмсап үлгерді. Төрешілер шешімімен жеңіс Жәнібек Әлімханұлына берілді.

«Бұл бокс. Шаршы алаңға боксшылар 100% дайындықпен келеді. Қарсыласың да сондай әзірлікте болады. Мен Бентлиге құрметпен қараймын. Оның дайындығына ешқандай күмәнданған жоқпын. Бұл – менің 12 раундқа созылған алғашқы жекпе-жегім. Әлі көп жұмыс жасауым керек. Қателіктерді қайталамау үшін еңбектенемін» – деді Жәнібек Әлімханұлы жекпе-жектен кейінгі сұхбатында.

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Жәнібекті жеңісімен құтықтап, хат жолдады.

«Бүкіл әлем көз тіккен кәсіби бокс жекпе-жегіндегі айқын  жеңісіңмен Жетісу облысы тұрғындарының атынан шын жүректен құттықтаймыз! Осы жеңісті жетісулықтар барша қазақстандықтармен бірге үлкен ықыласпен күтті және тілеулес болды. Өзіңнің мықты кәсіби дайындығыңның арқасында британдық Дензел Бентлиден басым түсіп, әлем чемпионы атағын қорғап қалдың. Бұл – біз үшін, күллі жанкүйерлер үшін айрықша қуаныш! Кәсіби бокстағы қадамың әрдайым сәтті болып, даңқты отандасымыз Геннадий Головкиннің жеңісті жолын жалғастыруыңа тілектеспін. Еліміздің мәртебесін өсіріп, көк Туын биіктен желбірете бер! Өзіңдей сайыпқыран мықтылармен Қазақстан спортының даңқы арта берсін!» – деді Бейбіт Исабаев.

Жәнібек Әлімханұлы 1993 жылы 1 сәуірде дүниеге келген. Әуесқой бокста 2013 жылы әлем және Азия чемпионы атанса, 2014 жылы Азия ойындарында жеңімпаз болды. 2016 жылдан бері кәсіпқой бокста сынға түсіп келеді.

Асылан МАХАНОВ

By karatal

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *