Ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Жаңа Қазақстан» жобасының іске асуы барлығымыз үшін өте маңызды және жауапты мақсатқа айналуы тиіс. Жақында өткен референдум мемлекетіміздің жаңа кезеңге қадам басуына негіз болса, Ұлттық құрылтайдың басты мақсаты – Жаңа Қазақстанды халықпен кеңесе отырып, іске асыру.
Ал қоғамның жетілуі оның әр мүшесінің бойындағы жоғары адами құндылықтарға байланысты. Яғни, қоғамда қандай құндылықтар басым болса, мемлекет те солай дамымақ, оған казіргі уақытта барлық қазақстандықтың көзі жетіп отыр. Сол құндылықтарды тудыратын адамдар, олардың дүниетанымы, ішкі болмысы.
Адам жетілуінің негізгі бағыты рухани кемелдену болса, адал еңбек, көркем мінез, ізгілік, парасаттылық, ізденіс, ғылым-біліммен толығады. Қазақ жерінен шыққан ұлы ғұламалардың тұжырымдамасы Жаңа Қазақстан тұрғындарына аманат болып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыратын басты төл құжатқа айналуы қажет. Сонда жоғары адами құндылықтарды дәріптейтін ұлт сапасын дамытып қана қоймай, тілі, діні, әр түрлі ұлт өкілінен тұратын халқымызды біріктіретін күшке айналады. Халқымызда «Ұстазы мықтының – ұстанымы мықты» деген нақыл бар. Адамзат ұстаздары атанған Ұлы дала перзенттері Әл-Фараби, Ахмет Яссауи, Абайдың ұстаздары бар Қазақ елі өркениетті, дамыған ел болуға тиіспіз. Жаңа Қазақстанның мақсаты да осы деп ойлаймын.
Ермек ДОСАНАМАНОВ, «Жолбарыс батыр» бастауыш партия ұйымының төрағасы