«Жастардың отаншылдық рухын күшейту керек. Қазір әлеуметтік желіде Мемлекеттік Туды қадірлеу туралы көптеген ой-пікірлер айтылуда. Өкінішке қарай, қасиетті Көк туымызға байланысты орын алған жағымсыз жағдайлар азаймай тұр. Сондықтан, байрағымызды пайдалану тәртібін қайта қарау керек деп ойлаймын. Қажет болса, тиісті заңдарға өзгертулер енгізуге болады. Өйткені, Көк туымыз – қастерлі тәуелсіздігіміздің символы».
Қазақстан Республикасының Президенті
Қ. Тоқаевтың 2022 жылы айтқан сөзі
Әлемдік IKEA компаниясын білмейтін пенде жоқ шығар?! Саудаға негізделген кәсібі бар компания әлеуметтік тәжірибелер жасауға дағдыланған. Бірде әлгі құрылым өкілдері екі қауашақтағы гүлді алыпты. Біріне былапыт сөз, балағат әңгіме айтуды дағды қылса, екіншісінің жапырағы мен тамырын жер мен көкке сыйғызбай мақтайды екен. Күн өтеді, күн артынан күн зулап, апта өтеді. Құдірет-ай, құлақсыз болса да әлгі өсімдіктің қолайсыз сөз естігені бойы өспей, тұрпайы күйге еніпті. Жайлы әңгіменің аясында тұрған гүл жапырағын жайқалтып, көріктене түседі. Екі айдан соң боқтық естігені мыжырайған күйі қалып, мақтау естігені ажарланып, алып гүлге айналады. Сөз деген құдірет бәріне әсер етеді ғой.
Қай сөздің де төркіні ішкі бұлқыныс, жүректегі үн. Тіл байғұста кінә жоқ, ол көкіректегі ойды сыртқа шығарушы ғана. Дейтұрғанмен, ағылшын халқында «Құдайым, Патшаны сақтаңыз» деген сөз бар. Жөргектегі баласына дейін осы сөзді жаттатып өсіреді. Жүрекке ұлтты сүюге деген махаббат дәнегін жастайынан егеді. Патша мен ұлттың еш қатысы жоқ қой деп сөге көрмеңіз. Ағылшын патшасы – ұлттың символы, ақсүйегі, әрбір тұмандыальбиондықтың нақсүйері. Ал бізде ше?
Бізде де ұлттың символы бар. Әуелгі нышаны адам. «Әр қазақ менің жалғызым» дейтін ұлттың әрбір өкілі мемлекеттің құндысы. Одан кейінгісі ұлттың салт-санасы, дәстүрі, кеңістігі. Ал екеуін біріктіріп, мемлекеттігімізді айшықтайтын – рәміздері, Көк байрағы, Елтаңбасы һәм Әнұраны.
Жоғарыда Мемлекет басшысының сөзін беріп отырмыз. Оның да өз жөні бар. Ел Президенті 2022 жылы осы сөзді айтуына тура келді. Сахна төрінде белгілі әншілер Көк байрағымызды аяқ-асты еткен-ді. Сонда қоғам шулады. Президент те үн қатты. Заңды қатаңдату керегін айтты. Бірақ содан бері заң өзгерген жоқ.
Жалпы, қазақтың құндылығын қорлау – оның өзін қорлаумен тең. Бірақ, сол құндылықты, ұлттығымыздың символын қорлатпаудың қамы өзгеге емес, қазақтың өзіне керек. Қазаққа құндысы әуелі Қазақстан. Қазір елімізде «Қазақстан» атауымен шығатын алкогольді сусындар бар. Спирттік сусынсыз-ақ еліміздің атын шығаруға болар еді. Бірақ, нарықтық қоғам мен сауда-саттықты алға қойғандар жеті атасынан аманатқа қалмаған «жынды суға» ел атын телуді құп көретіндей. Ел мүддесін ойлап мінберде жүргендерге түрткі болсын бұл.
Одан бөлек, «Қазақстан» атаулы шоколад бар. Бренд десек те болады. Көк байрақтың түсін меншіктеген «Лотте Рахат» компаниясының тірлігіне де кейде реніш білдіруге тура келеді. Себебі, әлгі тәтті өнімді тұтынған соң сыртқы жабынын қоқысқа тастауға тура келеді. Бажайлап қараңызшы, қоқыс арасында не жоқ. Тесік шұлық, борбайқап, тіпті, қолға қайта ұстауға құлық танытпайтын заттардың арасында «Қазақстан» деген жазуы бар елдің туы. Күйдіре ме? Күйіндіре ме?
Кез келген мемлекеттік шара қазір Көк тусыз өтпейді. Көк Байрақты төбемізде тербетіп, кішкене жалаушаларды қолымызда бұлғақтатамыз. Жиын аяқталған соң үлкен Байрақтар құзыретті мекеменің еншісіне қайтарылады да, көшірмесі кішкене тулар ұстағанның қолында кетеді. Қажет етпегені қоқысқа тастай салады. Бұл да жүректі дір еткізетіні жасырын емес.
Жалпы, не нәрсе көп болса, не дүние көп қолданылса сол дүниенің құны төмендей түсетін әдеті ғой. 1991-1995 жылдары естеріңізде ме? Халық азық таппай қиналған сәт. Сол уақытта наннан құнды дүние жоқ-тын. Қазіргідей кешегі нанды бүгін қоқысқа тастамайтын. Себебі, тамақ тапшы дәуірде одан құндысы жоқ-тын. Сол сықылды ұлттық құндылықтардың қолдану аясы заңмен реттеліп отырса, бүгінгідей құнсыздану болмас еді. Қазір сауда қызған жерде Елтаңба құнын жоғалтып жатыр. Қалай дейсіз ғой? 1 теңге. Көшеде шашылған 1 теңге. Әр жерде жатқан 1 теңге. Теңгеде құн қалмағалы қашан?! Бірақ, теңгенің арғы бетіндегі Елтаңбадан құн кеткен жоқ. Себебі, ол – Қазақстанның елдігінің, егемендігінің символы. Бірақ, сол таңбаның аяқ астында тапталып жатуы қынжылтады кәдімгідей. Ұлттық банк ақша айналымына 1 теңгені қажет деп тапқан болар, бірақ құнсыздану жүріп жатқанын да ескеруі керек еді.
Жалпы, Қылмыстық кодекстің 372-ші бабы бойынша Қазақстан Республикасының рәміздерін қорлау – 2000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 600 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстарға тартуға, не болмаса 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Былай қарасаңыз, жеңіл жаза. Ал ұлттық нышанға, мемлекеттілік символына тіл тигізу, қорлау адам өлтіргеннен де бетер екенін неге ескермейміз? Бұл қазақтың ұлан-ғайыр атырапта өмір сүруі үшін қанша арыс жанын қиды? Кешегі репрессия мен ашаршылық жылдары алты Алаштың баласы бір шаңырақтың астында бас қосып, өз алдына ел боламын деген ұлдардың қанымен орнаған мемлекеттің Рәміздерін қорлағандар осындай жазамен құтылып кете бермек пе?
Ұлт – уақытындағы адам. Қазақ та солай. Біз сол қазақтың ұрпағымыз. Рәміздерді қорлау – ұлтты қорлау, қазақты қорлау. Дейтұрғанмен, бізде бір кемшілік орын алмай, қолайсыздық болмай қимылдау жоқ. Бұл атқамінерлердің кемдігі ме, артықшылығы ма, бір Аллаға ғана аян. Рәміздерімізді қорлағандарды жазалайтын заңды күшейту үшін тағы бір қорлық болуы тиіс секілді. Әйтпесе Мемлекет басшысы әлдеқашан айтты емес пе? Естір құлақ болса!
Дастанбек САДЫҚ