Шежіре – әр адамның тегі, ұрпағының өсуі мен тарамын зерделейтін ілім. Қазақ ұлтының болмысы ұрпақты тоздырмай, тірлігіне дақ түсірмеген тектілердің ақыл-парасатымен жалғасады. Сәнді тірлігімен өркениетке ұмтылады. Ата-бабасының айтқан өсиеті, қалдырған аманатына беріктігімен мәнді өмір сүреді. Осы ретте Көксу ауданында «Андас» кітабының тұсауы кесілді.
Салтанатты жиында көпшілік әуелі лэд экранға назар аударып, көзін алмады. Онда Жетісу өңірінің табиғаты, тайға мініп жарысқан бозбалалардың еркін даланың төсінде көсіле жүйткіген бейнелері суреттелді. Жылқы десе делебесі қозатын қазақтың көрермен мінберінде отырып-ақ қаны тулады. Бұл кеш шымылдығының айрықша әсермен түрілгенінің айғағы. Экрандағы бейне әрменқарай қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосқан Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхаммед Хайдар Дулати, Шәкәрім Құдайбердіұлы сынды басқа да халық даналарының қанатты сөздерін дәріптеумен жалғасын тапты.
Театрланған көрініске де кезек берілді. Мұнда Жалайыр тайпасынан шыққан Орақты батыр мен оның жанындағы серіктері Мырза, Бәйшегір, Балғалы, Андас баһадүрлердің сұлбалары сомдалып, ел мәселесіндегі түйінді түйткілді шешу жолындағы ауызбіршіліктері, аталы сөзге құлақ асудағы сабырлылықтары көрсетілді. Рухты асқақтатар қойылым жиылған қауымды бір сілкінтті.
«Андас» кітабының тұсауын Алматы, Жетісу облыстарының Құрметті азаматы, қоғам қайраткері Жомартқали Жексенбинов, мемлекет және қоғам қайраткері Омархан Өксікбаев, журналист, ақын Нүсіпбай Әбдірахым, актер, қоғам қайраткері Орынбасар Тазабеков, қоғам қайраткері Өмірәлі Жалайыри кесті. Көпшілікке тың туындының мұқабасын көрсетіп, суретке түсу рәсімін орындады.
Сахна төріне «Анда» шежіре отауының жетекшісі Алпысбай Рақымов, кеш қонақтары Тынышбай Досымбеков, Ерасыл Әбілқасымов, Ермек Келемсейіт, Әміре Әрін шақырылып, сөз кезегі берілді. Зиялы қауым өкілдері тереңнен тартып, бергіден қозғап сөздің майын тамызды. Ұлт болашағына орасан зор үлес қосқан тарихи тұлғалардың өмірінен мысалдар келтіріп, олардың ерен ерлігін дәріптеп өтті. Тұсауы кесіліп жатқан туынды ұрпақ үшін телегей қазына, таптырмас азық екені айтылды.
Жиында «Андас» кітабының құрастырушысы, Жетісу, Алматы өңірлерінің құрметті азаматы, қоғам қайраткері Наурыз Қылышбаев та сөз кезегін алып, туынды жөнінде мағлұмат таратты.
– Туындыда белгілі тұлғалар, елге танымал батырлар, билер мен шешендер жөнінде кеңінен жазылған. Оны қағаз бетіне түсірудегі мақсат – жүзге немесе руға, атаға бөліну емес, жас ұрпақтың жеті атасын біліп, бір-біріне туыстық қатынасын көрсету. «Андас» тарамын толықтырып, жаңғырту маған жүктелді. «Анда» шежіре отауының белсенді мүшелерінің қолдауымен төрт жылдың ішінде аяқтап отырмын. Олқылығы болса толықтыру, түзету, ажарландыру жас шежірешілердің қолында, – деді ол.
Айта кетейік, кітапта ұрпақтар сабақтастығы, ұлт құндылығы жайлы тарихи мәліметтер келтірілген. 325 беттен тұратын шежіре жинақ 2 мың дана таралыммен шығып отыр. Алдағы уақытта көпшілік үшін барлық кітапхананың сөрелеріне қойылмақ.
Шара концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Онда жетісулық өнер ұжымдары ән шырқап, би биледі. Құлақ құрышын қандыра домбыра шертіп, атырапты күймен көмкерді.
Медет ЖҰМАБАЙ