Мектеп оқушылары жазғы демалысқа шығып, жадыраған жаз мезгілі келісімен тынығу лагерлеріне баруға асығады. Балалардың демалысын тиімді пайдалану мақсатында ауданда «Қарлығаш» жазғы лагері жұмыс жасайды.

Биылғы жыл балапандар үшін өте ерекше жыл болып отыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялағаны бәрімізге белгілі. Мемлекет басшысы жастарға үміт артатынын, өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасау қажеттілігін атады. Олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі.

Көксу ауданындағы «Қарлығаш» балалардың демалыс және дамыту орталығы өз жұмысын 9 маусымда бастады. Биылғы жылға әр ауысым бойынша 100 баладан қабылдау жоспарда тұр. Жазғы демалыстарын 500 мектеп оқушысы осы лагерде өткізеді.

Бабаларымыздың «Қуанса бала қуансын» дегеніндей, жас балғындарымызға есігін айқара ашқан «Қарлығаш» лагерінің ашылу салтанаты аудандық деңгейде өтті. Балалар жылына орай аудан әкімі Әділ Алмастың қолдауымен ұйымдастырылған шараға аудандық білім бөлімінің басшысы Қуат Кузбаев, Көксу аудандық кәсіподақ филиалының төрағасы Дина Нусипова, аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Қуаныш Дүйсенбаев және мектеп  директорлары мен балабақша меңгерушілері қатысты.

Салтанатты шарада аудандық білім бөлімінің басшысы Қуат Кузбаев құттықтау сөз сөйлеп, балаларды жазғы лагердің ашылуымен құттықтады. Осындай сәні мен салтанаты жарасқан әсем лагерге балаларын демалтуға жіберіп, қолдау көрсеткен ата-аналарға алғысын білдіріп, жазғы лагердің жұмысына сәттілік тіледі. Сондай-ақ кәсіподақ төрағасы Дина Шаяхметқызы да балаларға  деген құттықтау сөздерін, жылы лебіздерін білдіріп, жазғы демалысты жақсы, көңілді өткізулеріне тілектестігін білдірді. Мерекелік кеште лагерь демалушылары және ауданымыздың өнер мектебінің өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салды. Салтанатты шарада 4 топқа бөлінген командалар өз топтарын таныстырып, жазғы демалыстың қызықты, жарыс түрінде өтуіне өз үлестерін қосатынын жеткізді.

Әйгерім ОРАЗЫМБЕТОВА: – «Қарлығаш» балалардың демалыс және дамыту орталығының директоры:

Лагерде біздің ұстаздарымыз, тәрбиешілеріміз, спортшыларымыз қажетті заттармен қамтылған. Биыл Мемлекет басшысы 2022 жылды балалар жылы деп жариялады. Енді ғана жұмысын бастаған орталықта балалардың ән, биге деген таланттарын шыңдауға көп көңіл бөлінген.  Осы мақсатта музыкалық білімі бар мамандар шақыртылды. Олар күн сайын икемі бар оқушылармен жұмыс жасауда. Ашылу салтанатына арналған шарада сол мамандар дайындаған шәкірттер өз өнерлерін көрсетті, – дейді.

Лагерь дәстүріне сай кешке алау жағылып, салтанатты шара өз жалғасын тапты. Біз өз кезегінде әр балаға жайлы, қуанышты демалыс болсын деген ниетте көтеріңкі көңіл күйде тарқадық. Балалықтың бал дәмі әрбір ересек адамның жүрегінде мәңгі сақталары анық.

Меруерт РАХМИШОВА

By karatal

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *