Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Зекет» қайырымдылық қорының «Ел үлесі пәтерге» жобасы аясында еліміз бойынша 590-шы, Жетісу облысы бойынша 84-ші, ал Алакөл ауданы бойынша 9-шы баспана берілді.
Бұл баспана Үшқайың ауылының тұрғыны жалғыз басты, екі баланың анасы Мөлдір Ерікқызына бұйырды. Мөлдір Ерікқызы ауданның бас имамы Әнет Омарханұлына жазған өтінішінде Үшқайың ауылындағы Әбілмәжін Әлібеков көшесі 15-ші үйді сатып алып беруін өтінген еді.
Үйді табыстауға «Зекет» қайырымдылық қорының Жетісу облысы бойынша өкілі Омар Хадыс, ауданның бас имамы Әнет Омарханұлы және аудан бойынша «Зекет» қорының жетекшісі Ербол Зархум қатысып, лентасын қиды.
Жаңа үйдің иесі атанған Мөлдір Ерікқызы осы күнге дейін анасының үш бөлмелі үйінде үш жанұя балаларымен ыңғайсыз жағдайда тұрып келгенін жеткізіп, өз балаларымен жеке үй алғанына ризашылығын білдіріп, осындай игі істі ұйымдастырған имамдарға, әрі қайырымдылыққа атсалысқан барша мейірімді жандарға алғыс айтты.
Алакөл аудандық мешітінің баспасөз қызметі