Даналық дариясы
Қасиетті Қаратал – әулие, би, батырлар мекені. Ұрпағына ұран, даласына дана болған, шашақты найза қолға ұстап жердің тұтастығын, елдің амандығын сақтаған даңқты қолбасшы, суырылып сөз сөйлеген шешен, әділетті ту еткен би, сәуегей әулие Жылкелдіұлы Ескелді батырдың туғанына 330 жыл. Ескелді Жылкелдіұлының қайраткерлік қызметі жоңғар шапқыншылығы тұсында Сыр бойына үдіре көшкен бір тайпа елді өзінің атақонысы Жетісуға көшіріп келу кезінде жарқырай көрінді. Жалайыр руының Сиыршы аталығынан. Қазақ елінің мүддесі үшін өзінің күш-жігерін жұмсап, саналы ғұмырында дамыл таппай істеген іс-әрекетінің арқасында бүгінгі ұрпақ бейбіт заманда өмір сүруде. Ел бірлігін сақтау, теңсіздікке қарсы тұрып жоңғар-қалмақ басқыншыларымен бетпе-бет соғысты. Бүкіл қазақты біріктіруге, әсіресе өз жерінде ұзақ жылдар бойы қан кешкен Ұлы жүз Жалайыр елінің жер бетінен жойылып кетпеуі үшін орасан зор батырлық, билік, әулиелік қабілеттерін көрсетті. Ата қонысынан жауды қуып, елді қоныстандырды. Көшіп-қонған елдің жаз-жайлауы, қыс-қыстауы қатаң тәртіппен белгіленіп, жазда салқын жайлауға, қыста оңтүстікке, құмдауыт далаға қарай ауысып отырды. Бұл жағдай қазақ руларының аралас-құралас құдандалы жекжат болуына мүмкіндік жасады. Ағайындылық, туыстық сезімге негізделген қарым-қатынас жалпы этностық біртұтастықты қамтамасыз етті. Сөйтіп «Қарға тамырлы қазақ» деген ұғымды қалыптастырды.
Ақпарат жазушы С. Биболовтың «Ескелді би – даналық дариясы» атты кітабынан алынды.
Дайындаған: Бибігүл КАЛИЕВА, Қаратал аудандық кітапханасының оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы.