АҚ ХАЛАТТЫЛАР АЛҒЫС АРҚАЛАДЫ
Денсаулық – адам үшін баға жетпес байлық. Бұл мереке құрмет пен алғысқа бөленген, Гиппократ антын қабылдап, қай кезде болмасын әрдайым сенімділікті сақтайтын, асқан шеберліктің иесі ақ халатты абзал жандардың мерекесі. Халқымыз «Бірінші байлық – денсаулық» деп, денсаулықты дүниедегі байлық атаулының барлығынан жоғары қойса, Ата заңымызда «Мемлекеттің ең басты қазынасы – халық және оның денсаулығы» деп айқын көрсетілген. Азаматтардың рухани дүниесі мен денінің саулығы – мемлекетіміздің басымдық беріп отырған маңызды міндеттерінің бірі. Дені сау ұлт қана бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кіруді мақсат еткен мәңгілік елімізді дамытуға қабілетті бола алады.
Адам өміріндегі, өлшеусіз еңбектің ерен жандары, ол – дәрігерлер. Олар – науқас жандардың жабырқаулы жүздеріне үміт отын ұялатып, үлкен сенімге жетелеп, өмір өзен арнасының әлі де ағысында қалай өмір сүру керектігін ескертіп, бойға қуат бітіретін абзал жандар! Осы айтулы күнге орай, Көксу ауданының әкімі Әділ Алмастың қолдауымен аудандық Мәдениет үйінде медицина қызметкерлеріне арналған мерекелік іс-шара өтті.
Салтанатты жиын адам жанының арашашысы болған абзал жандардың аудан халқының саулығы үшін өмірі мен білімін, кәсібилігін арнаған медицина саласының ардагерлері мен қызметкерлеріне арналды. Аудан әкімі Әділ Қабдулұлы барша медицина саласының қызметкерлерін мерекемен құттықтап, ақжарма тілегін білдірді: «Қадірлі денсаулық сақтау саласының қызметкерлері! Сіздерді кәсіптік мерекелеріңізбен құттықтаймын! Баға жетпес қоғамдық байлық – әрбір адамның басты бақытына әрқайсымыздың, болашақ ұрпақтың және жалпы ұлт саулығына деген сіздердің қосып жатқан үлестеріңіз ең жылы лебіздерге лайықты. Қазір біздің мемлекетіміздегі басты мақсат – дені сау ұлт қалыптастыру. Бұл ретте, халықтың денсаулығын жақсартуға қызмет ететін, адам өмірін ұзартуға және ауру адамның сауығуына үміт беретін медициналық көмектің қолжетімділігін кеңейтуге айрықша назар аударылып келеді. Дәрігерлер қауымының өңіріміздегі денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан үлесі ұшан-теңіз. Ерен еңбектеріңізге, шипалы алақандарыңызға, мейірімді жүректеріңізге алғысымыз шексіз. Еңбектеріңіз халыққа қуаныш сыйлап, нұрға бөлесін» деп, қызығы мен шыжығы қатар жүрген саланың біршама қызметкерлерін қажырлы еңбектері үшін марапаттады. Ақ халатты абзал жандарға алғыс ретінде гүл шоқтары табыс етіліп, құрметке бөленді. Игі шара аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.
Көтеріңкі көңіл-күй әрдайым жұмыстан бас алмайтын бүгінгі медицина саласы тарландарының жүздерінен анық байқалды. Халқымызда «Дені сау адам – қоғам байлығы» деген дана сөз бар. Сол байлығымызды сақтауға, сапасы мен санын арттыруға, халқымыздың дені сау, ойы сергек болып қалыптасуына абзал жандардың қосып отырған үлесі айтарлықтай. Әрдайым адамзат баласы тағдырын сеніп тапсыратын мамандықтарыңызды абыроймен атқарып, халық сеніміне ие болып жүре беріңіздер.
Меруерт РАХМИШОВА,
«Қаратал» газетінің Коксудағы меншікті тілшісі