Қазақ халқы қарттарды көптi көрген, ақыл тоқтаткан ел сыйлысы деп қадiр тұтқан.  Қандай да бiр дау-дамай туса, қандай да бiр iске ақыл-кеңес керек болса, қарияларға жүгiнген, олардың шешiмдерiне тоқтаған. Алысқа сапар шексе де, алдымен ақсақалдардың алдынан өтiп, батасын алып аттанған. «Ауылыңда қартың болса, жазылып қойған хатпен тең» деп жасы кішілер оларға құрмет көрсеткен. «Төріңнен қарт кетпесін» деп, той-томалақты батасыз бастамаған. Қазыналы қарттардың қоғам мен отбасы алдындағы мәртебесі қашан да биік.

Қариялардың өнеге-өсиеті отбасы тәрбиесінде ерекше орын алады. Ата-әже мектебінен өткен ұрпақ зерек те ерек болып, бүкіл елдің мақтанына айналады. «Көп қарттың ортасында жүрген дана болар» дейді қазақ. Атасының қасында жүріп ескінің әңгімесін тыңдап, қамшы өрсе, бір бауын ұстап отырса, бойына қаншама рухани әрі дағдылық қасиеттерді сіңіреді. Сол сияқты әжесінің айтқан ертегі-әңгімелері арқылы жақсы мен жаманды, өтірік пен шындықты, ақ пен қараны ажыратуды үйренеді. Баламен отырып әңгімелескеннің өзі тәрбиедегі ең маңызды құрал болып табылады: баланың айналасындағыларға деген сенімін оятады, тілін дамытады, тілі арқылы ой-өрісін, интеллектісін арттырады. Бастысы баланың қоршаған ортаға үйренісіп, жақсы қарым-қатынасқа түсу дағдысын қалыптастырады. Ата мен әженің «мектебінен» шыққан балалар өмірде рухани жағынан мықты болып келеді: жүрегі жұмсақ, қоршаған ортаға қамқор, мейірбан кісілер болып ер жетеді. Ата-әжесі бар үйдің балалары да өзгеден ерек, ортасындағы ерекшелігі қариялардың ыстық алақанынан дәм татып, жауһар сөздерін саналарына сіңіріп өскендігі білінеді. Ата дәстүр салтымыздан таймай, ескі ғұрыптармен немерелерін нағыз қазақтың салтын сақтар бабалардың жолыменен жүретін өр рухты қазақты тәрбиелеп өсіреді. Сондықтан да болар, қарты бар үйден қазақилықтың иісі аңқып тұрады.

Менің де ата-әжем бар. Үйдің берекесі мен мерекесі, есігіміздің ажарын кіргізіп тұратын үйдің үлкендері  бастаған әр қадамымызға  дұрыс жол сілтеп, ата-бабамыздан қалған нақыл сөздермен сусындатып отырады. Ескінің көзін көрген аталарымыз мамандық алмаса да, өмірден көркен-білгенімен дәрігер де, мұғалім де, емші де. Әжемнің айтқан ақылдарына мән беріп қарасаң, айтқанын орындасаң байқайсың, дәлелденген дәрігерлік нұсқаулармен пара-пар. Әженің ақылымен-ақ емделіп құлан таза айығуға да болады. Кейбір насихат әңгімелерін жер жүзін жеті рет айналып шықсаң да кезіктіре алмайсың.

«Қарттарым – қазынам» деп қарайтын біздің қоғамда қарт адамдарға деген ықылас жыл сайын артып, мемлекет тарапынан оларға көрсетілетін көмектің көлемі ұлғайып жатқаны қуантады. Ардагерлер мен қарттар алдындағы парызымызды білеміз. Бұл парыз – оларға қамқорлық көрсету, оларды қолдау арқылы өтеледі. Осы парызын орындай отырып, Үкімет зейнетақы заңнамасын жетілдіруде, зейнетақы мен жәрдемақылардың мөлшерін арттыру және әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін дамытуда маңызды қадамдар жасады.
Жастық шағын еліміздің гүлденуі мен өркендеп дамуына арнап, маңдай терін төккен аталар мен әжелерге құрмет көрсету мемлекет тарапынан ғана емес – қоғамның барлық өкілдерінің, әсіресе жас буынның басты парызы екенін де ұмытпаған жөн. Осы қоғамның іргетасын нығайту үшін бүгінгі жас буынға үлгілі, өнегелі тәрбие беретін, елжандылыққа баулу сияқты моральдық нормалардың бастауында қазыналы қарттарымыздың тұрғанын әрқашан есте ұстауымыз қажет. Сонымен қатар еліміздің жас азаматын отансүйгіштікке тәрбиелеу мен белсенді өмір ұстанымын қалыптастыруда да ардагер ата-апаларымыздың өмірі мен еңбек жолдары үлгі.

Қария — даналық көзі. Ақылы дария қариялардың көкірегі толы өсиет болмақ. Көргені көп адамдардың ақылын тыңдап, сөзін санаға түйіп жүргеннен ешкім жаман болмас. Қарттарымызды қадірлейік, құрметтейік!

Алтынай МАХАН, №2 орта мектебінің 8-сынып оқушысы

от karatal

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *