Бүгінгі күні Алакөл ауданында күнбағыс егістігі 5 мың гектардан асады, дақылдың бұл түрімен 35 шаруашылық айналысып отыр, шығымы орта есеппен – 8ц/га.
Шемішке өсіруде аудандағы «Жазылбеков және К» командиттік серіктестігінің тәжірибесі мол. Серіктестік жетекшісі Айдар Жазылбековтің айтуынша осы дақылға биыл ғана ден қойған. Осы жылы 350 гектарға күнбағыс сеуіп, әр гектарынан 20-25 ц. жинауды жоспарлап отыр.
— Күнбағыстан жоғары өнім алу үшін оны жақсылап күтіп-баптау керек. Тұқым себерден бұрын алдымен топыраққа агротехнологиялық зерттеу жүргіздік, сосын барып тыңайтқышпен қоректендірдік, өйткені күнбағыс құнарлы топырақта жақсы өседі. Климаттың ерекшелігін ескере отырып, «Санай», «Пионер-108», «Пионер-130» деген үш сортын таңдап алдық. Шамамен 500-600 тонна өнім жинаймыз деп отырмыз. Бұл дақылды өсіргенде ауыспалы егіс талабын сақтау керек – дейді шаруагер.
Алынған өнімнің негізгі бөлігін фермер Өскемен кәсіпорнына өңдеуге өткізбек. Ал бір бөлігін өз қажеті үшін алып қалады. «Өзімізді, өз қызметкерлерімізді сұйық маймен қамтамасыз ету үшін май шығаратын құрылғы алып келдік. Жиған шикізаттың 10 тоннадайын алып қаламыз. Соның 4-5 тоннасы қызметкерлерге беретін май жасауға кетеді, қалған бөлігі май иелеріне беріледі. Жалпы 600 тоннадан 250 тонна май алуға болады. Оның күнжарасы да жерде қалмайды, мал азығына таптырмайтын қоспа жем болады», — дейді ол.
Қазір Айдар Жазылбеков өсімдік шаруашылығымен ғана емес, мал өсірумен де айналысып отырған табысты фермер. Оны бір кезде ауыл шаруашылығына ешқандай қатысы жоқ адам еді десе сенер ме едіңіз?! Экономикалық және заңгерлік білімі бар маман ұзақ жыл Алматы қаласында тұрып, мамандығы бойынша жұмыс істеді, кейін туған жеріне оралып, мұнда өзіне мүлдем бейтаныс салада бақ сынап көруге бел байлады. 1991 жылдан бастап фермер аралас егіншілікпен айналысады. Ол жаздық дақылдар, күздік бидай мен күнбағыс себеді, сиыр, жылқы, қой өсіреді және ол жағынан кәнігі мамандардан еш кем түспейді, қажет десеңіз дақыл өсірудің ерекшеліктері мен құпиялары туралы да айтып бере алады.
— Жақсы табысқа жету үшін ең алдымен топырақ дұрыс өңделуі керек. Біз бұл жағынан швед техникасын қолданамыз. Ол топырақты күздік егіске, жалпы қысқа жақсылап дайындауға мүмкіндік береді. Қараңызшы, қатарлары қандай түп-түзу, учаскенің бірде-бір сантиметрі қалмай ұқыпты өңделген, кесек көрмейсіз, — дейді Айдар Жазылбеков алқапты нұсқап.
Қазір шаруашылықтағы егіс алқаптарының жалпы ауданы 4300 га, 25 бірлік арнайы техникасы бар, оның ішінде заманауи озық үлгідегілері де жетерлік. Шаруашылықта маусымдық кезеңде 150 адам жұмыс істейді, олардың түгелге дерлігі жергілікті тұрғындар. Командиттік серіктестікте 30 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан қызметкерлер бар. Солардың ішінде тәжірибелі механизаторлар Александр Божков, Бауыржан Барақбаев, Андрей және Владимир Серыхтарды атауға болады. Олардың қай-қайсысы да комбайнның да, трактордың да тілін біледі, бір маусымда екі жұмыстың тізгінін ұстайды. Табыстары 430 мың теңгеге жуықтайды. Жалпы мұндағы орташа жалақы 200-250 мың теңге.
— Фермерлер үшін мемлекет қолдауы әрқашан демеу. Әсіресе, минералды тыңайтқыштардың, гербицидтердің, жанар-жағар майдың бағасы айтарлықтай өскен бүгінгі жағдайда мұндай қолдаудың маңызы тіпті арта түседі. Тыңайтқыштарға, ауыл шаруашылығы техникасына, күнбағыс тұқымына субсидия аламыз, жеңілдік бағамен сұйық отын аламыз. Күзде тапшылық туа бастағанда шаруашылықтар барымызбен алмасып, ауыс-түйіс жасап жатамыз, кейін мемлекет көмегі берілгенде орнын толтырамыз, — дейді «Жазылбеков және К» серіктестігінің басшысы.
Жалпы, фермердің күнбағыс өсіруге қатысты жоспары көп. Келесі жылы күнбағыс 700 га жерге себіледі деп отыр, ал қазір алқапта жұмыс қызу жүріп жатыр. Өйткені күнбағыстың сабағы күнге әбден кеуіп, құрап, шемішкені көтере алмай гүлдері жерге еңкейгенде нағыз жиын-терін науқаны туды деген сөз.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі