«Ел іші – алтын кеніші» демекші, өнерпаздар жер-жерде бар. Ісмерлерді тауып, бұйымдарын көпке тамашалатып, еңбектерін бағалап, қиыннан қиыстырғандарын марапаттасақ игіліктің үлкені емес пе?!

Көркемөнер – сұлулықтың символы. Әйтпесе, нағыз өнерлі адамдар тасада қалып  жатады. Олардың еңбегі қашан да ерекше, қайталанбайды. Нағыз өнер қиыннан қиыстыруды, үйлестіруді, ұйқасты, түске мән беруді, әдемілікті талап етеді. «Жетісу өлкетанушылар орталығы» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен Талдықорғанда халықаралық  «Жетісу өнері» атты көрме ұйымдастырылды. Оған Ресей, Түркия, ТМД елдері және республикадағы  білім шаңырақтарының  көркем еңбек пәнінің ұстаздары қатысты. Барлығы әкелгендерін қатар қойды. Бірінен-бірі өткен құнды дүниелер көздің жауын алып, таңдай қақтырды. Талдықорғандағы №10 орта мектеп ұстазы Талғат Сүлейменовтің тасқа салған суреттері көпті таңғалдырды. Ол майлы бояумен кішкентай тастарға табиғаттың, аң-құстың бейнесін салыпты. «Кейбіреулер үйінің жан-жағын көркемдеу үшін  тастарға сурет салып беруімді өтінеді. Ерекше әдемі көрінеді. Бұған ыждағаттылық керек. Кішкентай бөліктерін салу қиынға соғады. Бірақ, өнер деген сонысымен құнды, бағалы»,– дейді Талғат Төлегенұлы. Ол осы күнге дейін мұндай халықаралық көрмеге қатысып көрмепті. Өнерін сынға салатын мұндай мүмкіндік бұрын-соңды болмаған көрінеді.  Бүгін барын ел алдына шығарып, басқалардың  тамашасын тамашалағаны үшін ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.

«Жетісу өлкетанушылар орталығы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған  шараға  облыстық білім басқармасы, сондай-ақ мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшылары қолдау көрсетті.  Ұлттық құндылықтарды дәріптеу,  қылқалам шеберлерінің басын қосу, оны жас ұрпаққа үлгі ету құптарлық-ақ іс.

Шараға 100-ден аса туынды жеткізіліпті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, өтініш білдіргендер бұдан да көп. «Алғаш рет ұйымдастырып отырғандықтан қалай өтеді деген қобалжушылық болғаны рас. Қолөнершілер келмей қалса қайтеміз деген де қорқыныш болды. Бірақ, республиканың түкпір-түкпірінен келуге ниет білдіргендер хабарласа бастағанда  күмәніміз сейілді. Соңында мынанша дүниені қай жерге сыйдырамыз деп алаңдадық»,– дейді бірлестіктің төрағасы Қажет Андас. Шараға келушілердің көңіл-күйі жоғары. Бәрі бір-бірімен танысып, білісіп, өнерлерінің сыры жайлы айтып, шүйіркелесіп қалды. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, мұнда кіл жүйріктердің ішінен  суырылып шыққан мықтыларын анықтауға тура келді. Әділқазылар алқасы біраз уақыт тер төкті.  Бұра тарту болмады.

Қолөнершілер Шынар Темірәлина бала күнінен әжесінің қасында отырып, ою ойып, қуыршақтарға киім тіккен. 12 жасынан бастап, ересек адамдарға бас- киім, қолғап тігуді үйреніпті. Бүгінде көркем еңбек пәнінен сабақ береді. «Жетісу өнері» көрмесіне арнайы Ақтөбе облысынан келіпті. Ол әріптестерімен танысып, алдағы күндерге жоспар құрды. Бірлесіп атқаратын шаралар жайлы ақылдасты. Өнерлерін дамыту жолдарын ойластырды. Жұмысын осындай ауқымды шарадан бастаған  «Жетісу өлкетанушылар орталығы» қоғамдық бірлестігінің ісіне сәттілік тіледік. Жақсы істің қанат жаятынына сенім мол.

                                                                                                                                                                                                                                                                                                 Гүлжан ТҰРСЫН

от karatal

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *